Абай облысында 260 ауыл интернетпен қамтылған
Абай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда өңірдегі 322 ауылдың 260-ы интернет желісіне қосылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
Абзал Серікұлының мәліметінше, бүгінде облыстағы ауылдық елді мекендердің 80 %-ы сымды және мобильді интернетпен қамтылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары 160 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, ал халқы аз 18 ауылды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Сонымен қатар өңірде 5G технологиясын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Семей қаласында 73 базалық станция жұмыс істеп тұр. Келесі жылдың соңына дейін олардың санын 116-ға жеткізу жоспарланған. Биыл Аягөз қаласында да 5G технологиясын енгізу басталды.
Байланыс сапасын арттырумен қатар, цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында да кеңінен қолданылуда.
Спикердің айтуынша, облыс прокуратурасымен бірлесіп, интернет алаяқтарынан түсетін қоңырауларды бұғаттауға арналған «AI-Антифрод» жасанды интеллект жүйесі енгізілген.
Оның айтуынша, аталған камералардың 919-ы жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеуге, 932-сі қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға арналған. Ал 80 камера жасанды интеллект негізінде бет-әлпетті тану функциясымен жабдықталған.
Өңірде IT саласын дамыту және жас мамандарды даярлау бағытында да жұмыстар атқарылуда. Биыл «Astana Hub» халықаралық технопаркінің Semey Hub филиалы құрылып, Abai IT-Valley және Semey Hub алаңдарында 30 іс-шара ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Семей қаласында бағдарламалау мен жасанды интеллект саласындағы практикалық білімді дамытуға бағытталған Tomorrow School мектебі ашылды. Мектепте төрт апталық қарқынды оқу курстары ұйымдастырылып, қатысушылар бағдарламалау негіздерін меңгеруде.