Қазақстан мен Мальдив аралдары елдер арасындағы әуе рейстерінің санын екі есеге арттыруға келісті
Монреаль қаласында (Канада) өткен ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис мырзаның кездесуі өтті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, әуе қатынасы мен туристік байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша әр тараптың тағайындалған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар сондай-ақ «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежелі құқықтарын пайдалана отырып ұшуларды орындау мүмкіндігін талқылады, бұл әуе компанияларына халықаралық бағыттарды ұйымдастыру кезінде қосымша коммерциялық мүмкіндіктерді қарастыруға жол ашады. Мальдив аралдары қазақстандықтар арасында танымал демалыс бағыттарының бірі болып табылады, бұл өз кезегінде әуе қатынасын дамытуға қосымша алғышарттар жасайды.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделіліктерін растады.