Халықтың табысын арттыру – экономикалық саясаттың басым бағыты
Мемлекет басшысы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы басым міндеттерге тоқталды. Президенттің айтуынша, тұрақты экономикалық дамудың негізгі шарттарының бірі – инфляцияны ауыздықтау. Өйткені бағаның өсуі азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етіп, сатып алу қабілетін төмендетеді.
Осы мақсатта 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Бұл бастама шамамен 1,8 миллион азаматтың табысына оң әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар Президент медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету саласында еңбек ететін учаскелік медицина мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Аталған өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды деп жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту тек жалақы мен әлеуметтік төлемдерді көбейтумен шектелмеуі керектігін де атап өтті. Оның пікірінше, азаматтардың табысын тұрақты арттыру үшін жаңа әрі өнімді жұмыс орындарын ашу, кәсіби біліктілікті жетілдіруге мүмкіндік жасау және экономикалық белсенділікті күшейту қажет.
Жалпы, инфляцияны тежеу, ең төменгі жалақыны арттыру және әлеуметтік сала қызметкерлерін қолдау – халықтың сатып алу қабілетін сақтап, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл ретте экономикалық өсімнің нақты нәтижесі әрбір азаматтың әл-ауқаты мен табысынан көрініс табуы тиіс.