Семейде еңбек құлдығы мен балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мәселесі талқыланды
Семей қаласында шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарда еңбек құлдығы және балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мәселелері бойынша жұмыс берушілермен кездесу өтті.
Кездесуге Семей қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Ғалымжан Досжанов, Абай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің еңбек заңнамасы бөлімінің басшысы Мадина Жунисова, Семей қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрсұлтан Ниязбек, сондай-ақ қала кәсіпорындарының басшылары, кәсіпкерлер, әкімдік бөлімдері мен Мансап орталығының өкілдері қатысты.
Жиында қала аумағындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек қатынастарының сақталуы, жұмыс берушілердің заң алдындағы міндеттері және еңбек заңнамасының орындалуы сөз болды. Әсіресе, шаруа қожалықтарында жұмысшылардың еңбегін заңсыз пайдалану, мәжбүрлі еңбекке тарту және кәмелетке толмаған балаларды еңбекке заңсыз тарту мәселелеріне баса назар аударылды.
Кездесуге қатысқан жауапты сала өкілдері мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін жұмыс берушілер еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауы керектігін атап өтті. Сонымен қатар еңбек қатынастарын заңдастыру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және балалар еңбегіне қатысты заң талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.
Жиын барысында жұмыс берушілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауапты мамандардан түсініктеме алды. Қаралған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – еңбек саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және жұмыс берушілердің заң талаптарына деген жауапкершілігін арттыру. Өйткені әрбір азамат қауіпсіз әрі заңды еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқылы, ал балалардың еңбегін заңсыз пайдалануға ешбір жағдайда жол берілмеуі тиіс.