Қазақстанда ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші төмендеді
Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылық деңгейі төмендеп келеді. Соңғы аптада тіркелген жағдайлар саны 6,8 пайызға азайған. Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 28,3 пайызға төмендеген.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада елімізде ЖРВИ-дің 133 052 жағдайы тіркелген. Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері инфекцияны жұқтырудың жалпы саны 1 453 967-ге жеткен. Мамандар қазіргі эпидемиологиялық ахуал күзгі кезеңге тән маусымдық деңгейде екенін атап өтеді.
1 қыркүйектен бері зертханалық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 297 жағдайы расталған. Оның 295-і A(H1N1), ал екеуі B типті тұмау вирусына тиесілі. Бұдан бөлек, риновирус, бокавирус және аденовирус инфекциялары да анықталуда.
Сонымен қатар елімізде тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 2 миллионнан астам адам екпе алған. Нақтырақ айтқанда, 2 065 649 азамат вакцинациядан өткен. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 93,9 пайызын құрайды. Вакциналар еліміздің барлық өңірінде қолжетімді.
Медициналық ұйымдарда инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсету үшін 13 335 төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта олардың 63 пайызы, ал балаларға арналған төсек-орындардың 69,4 пайызы қамтылған.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, медициналық ұйымдардың маусымдық жүктемеге дайындығын бақылауда ұстап отыр.
Мамандар тұрғындарға аурудың алдын алу шараларын сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету, науқас адамдармен жақын байланыстан аулақ болу маңызды. ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, қажет болған кезде дәрігерге жүгіну ұсынылады.