Орманды сақтау – экологиялық қауіпсіздіктің стратегиялық міндеті
Орман байлығын сақтау, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Осы бағыттағы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген басымдықтар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты қызметкерлерімен өткен кездесуде талқыланды.
Кездесуге «Әділет» партиясының өкілдері Лилия Муслимқызы мен Саят Танатаров қатысты. Олар Президент Жолдауындағы экологиялық міндеттердің Абай облысы үшін маңызын атап өтіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының осы бағыттағы рөліне тоқталды.
Лилия Муслимқызының пікірінше, орман шаруашылығын дамыту тек табиғи байлықты қорғаумен шектелмеуі керек. Бұл бағытта өрттің алдын алу, орманды қалпына келтіру, материалдық-техникалық базаны нығайту және мамандардың еңбек жағдайын жақсарту қатар жүруі тиіс.
Ал Саят Танатаров табиғатты қорғау мәселесінде мемлекеттік саясат пен қоғамдық жауапкершіліктің өзара сабақтастығына назар аударды. Оның айтуынша, экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және жасыл аймақтарды сақтау нақты нәтижеге бағытталған жұмыстармен бекітілуі қажет.
Кездесу қорытындысында орман шаруашылығы саласының тұрақты дамуы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты екені атап өтілді. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді өңірлік деңгейде іске асыруда табиғатты қорғау мекемелерінің тәжірибесі мен сала мамандарының кәсіби әлеуеті шешуші рөл атқарады.
«Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі бөлімі


