Жұмыс уақытының режимін сақтау бақылауда
Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау және оларды заңсыз үстеме жұмысқа тартуға жол бермеу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Осы бағытта Департамент мемлекеттік органдарда жоспарлы және жоспардан тыс мониторингтер жүргізіп келеді.
Мониторингтер «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға және тиісті қағидаларға сәйкес мемлекеттік органға бару арқылы да, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып қашықтан да жүзеге асырылады.
2026 жылдың 10 айында Департамент мемлекеттік органдарға бару арқылы 34 мониторинг жүргізіп, 30 мемлекеттік органды қамтыды. Мониторинг нәтижесінде бірқатар мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс уақытта жұмыс берушінің тиісті актісінсіз үстеме жұмысқа тартылғаны анықталды.
Анықталған фактілердің барлығы бойынша Департамент заңнамада белгіленген шараларды қабылдады. Нәтижесінде 85 мемлекеттік қызметшінің еңбек құқықтары қорғалды. Атап айтқанда, 70 қызметшіге атқарған үстеме жұмысы үшін жалпы 132 сағат тынығу уақыты берілсе, 15 қызметшіге 54 мың теңге көлемінде өтемақы төленді.
Атап өту қажет, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын бұзған лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабына сәйкес жұмыс уақытының белгіленген нормасын заңсыз асыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын сақтау – мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығы мен тиімділігінің маңызды шарты. Осыған байланысты мемлекеттік орган басшылары жұмыс уақытын тиімді ұйымдастырып, қызметшілерді заңсыз үстеме жұмысқа тартуға жол бермеуі тиіс.