АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.
Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.
Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.
ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ШІЛДЕ АЙЫ БОЙЫНША)
Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.
Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:
1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов
2) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров
3) Талғат Батырұлы Мұратов
4) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев
5) Айдар Маратұлы Ибраев
6) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев
7) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов
Аутсайдерлер:
8) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев
9) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов
10) Асхат Сайдахметұлы Смаилов
1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.
Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы 4258,6 баллмен 2023 жылдың шілде айының рейтингінде көш бастады. Семейде шілде айы жаяу жүргіншілер жолдарын асфальттау жұмыстарымен басталды. Қазіргі таңда Шұғаев, Докучаев, Ибраев көшелерінде тротуарларды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2023 жылға жалпы ұзындығы 50 км болатын 40 көшеде жолдарға орташа жөндеу жүргізу жоспарланды. Белгіленген кестеге сай мердігерлік ұйымдар шілде айында 10-ға жуық көшені аяқтады. Соның ішінде, Би Боранбай, Стальский, Ертіс, Цветочная, Рысқұлов көшелерінің қиылысында жұмыстар аяқталды. Первомайская, Победа, Қорғаныс, Достық көшелерінде профильді түзету және тегістеу қабатын төсеу жұмыстары жүргізілді. Семейдегі көп қабатты үйлердің қасбеттері боялып, қабырғаларына муралдар салынды. Нұрбол Нұрсағатов облыс орталығынан 300 шақырым жерде жатқан Қараөлең, Алғабас, Абыралы, Ақбұлақ, Айнабұлақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Комсомол кентіндегі жеке тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерді. Масаларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Семейде жер асты өткелдеріне ұлттық нақыштағы муралдар салынды. Ауа температурасының едәуір жоғарылауына байланысты жасыл желектерді суару жұмыстары күшейтілді. Қала көшелерінде ауа мен жолдарды салқындату үшін аэрация жүргізілді. Сол жағалаудағы аспалы көпір астындағы қоғамдық орын қала тұрғындарының игілігіне берілді. Приречный - Семей бағытындағы қоғамдық көлік қолданысқа берілді. Алғабас пен Ақбұлақ ауылдарына таза ауыз су құбырлары тартылуда. Шақаман ауылына футбол алаңы орнатылып, жарықтандыру жүргізілді. Қала әкімі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аула аумақтарын тексеріп, оларға бірқатар міндеттер жүктеді. Қыземшек ауылына кіреберіс жол жөнделді. Жылыту маусымына дер кезінде дайындалу мақсатында Семей қаласының әкімі көшпелі жиын өткізіп, жылу магистральдарын қайта жаңғырту пункттерін аралады. Сондай-ақ, қала басшысы Ғаббасов, Центр, РК-3, Қарағайлы ПНС-3 жылу қазандықтарына барып, қысқы маусымға дайындық жұмыстарын тексерді. Семейде 22 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі жаңа оқу жылына дайындық аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №39, 31 мектептерге барып жөндеу жұмыстарын тексерді. Жаз маусымында атқарылып жатқан жұмыстарды тексеру үшін Семей қаласына қарасты Шаған, Жиенәлі, Достық ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Қарағайлы ықшам ауданындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
2. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.
Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 2210,2 баллмен ағымдағы жылдың шілде айының рейтингінде үздік үштіктің қатарына кірді. Шілде айын Қалбатау ауылындағы «НҰРКЕЛДІ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысудан бастады. Инвестициялық жоба аясында жылына 200 000 тоннадан астам көлемде жоңышқа өсіріп, одан әрі түйіршіктелген жоңышқа өндірісі арқылы экспортқа шығу көзделген. Қалбатау ауылында көше жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Аудан әкімі жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстауда. Қапанбұлақ ауылында болып, жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесті. Көп балалы отбасылар мен әлеуметтік осал топ санатында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 20 жалдамалы пәтер кілтін табыстады. Шуақ ауылындағы жылу қазандығының жылыту маусымына дайындық барысымен және «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңғызтөбе кентіндегі орталық көше жолдарын жөндеу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Шар қаласында болып, ондағы абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарының барысымен, орталық алаңдағы су бұрқақты қалыпқа келтіру мәселесімен, Технологиялық колледжіндегі жылу трассасын ауыстыру жұмыстарымен және жаңадан бой көтерген екі пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысымен танысты. Кеңейтілген аппарат отырыстарын өткізіп, ауданның әр саласының дамуы бойынша мәселелерді пысықтап, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Аудан орталығындағы Нұрқасым Садықов атындағы орталық саябақтың абаттандыру жұмыстарымен танысты.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.
Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 2202,5 баллмен ағымдағы жылдың шілде айының рейтингінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Шілде айының басында Долон ауылдық округінде Мәдениет үйі ашылды. Бесқарағай ауданының 95 жылдығына орай аудан орталығында «Жеті қазына» шағын сәулеттік формасы орнатылды. Аудандық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Бесқарағайда жалпы 10 шақырымнан астам жол жөнделеді деп жоспарлануда. Аудан басшысы Бесқарағай ауылының «Тәуелсіздік» шағын ауданындағы жол жөндеу жұмыстарын және Канонерка ауылындағы клубтың құрылыс жұмыс барысын тексерді. Сондай-ақ, Баскөл ауылдық округінің, Қарағайлы ауылына барып ауыл тұрғындарына салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен және Глуховка ауылдық округіндегі егін науқанымен танысты. Аудандық орталық аурухана қызметкерлерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласын дамыту барысын талқылады. Шошқалы көлінде орын алған орман өртін сөндіру бойынша облыс әкімімен бірге жедел шараларды үйлестірді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
4. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.
Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 2003,8 баллмен рейтингте төртінші орынға жайғасты. Шілде айын Молдары қыстағының тұрғындарымен кездесуден бастады. Артынша өзен жағалаулары мен саябақтардың тазалығын тексерді. 12 аула аумағын абаттандыру шеңберінде Абай көшесі 15, 17, 21, Олимпийская көшесі 2, 7 және Рожанович көшесі 1, 2, 5 үйлер бойында 19 даланы жарықтандыру тірек бағандары орнатылды. Ертіс өзенінің жағалауында жасыл желектерді суғару жүйесі жолға қойылды. Жылу беру маусымына дайындық шеңберінде №1 қазандықтың түтін шығаратын құбыры ауыстырылды. Бірқатар мемлекеттік органдарға барып, олардың жұмыс барысымен танысты. Қаладағы бірқатар көшелердегі тұрғындармен кездесіп, олармен бірге қаланы дамыту жұмыстарын талқылады. Сондай-ақ, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
5. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.
Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 1749,2 баллмен рейтингтің ортасына тұрақтады. Шілде айын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барудан бастады. Жәрмеңкеге Жезкент кенті, Дмитриевка, Бақы, Новодворовка ауылдық округтері мен Семей қаласынан жылқы, сиыр, қой, шошқа еті, нан, сүт өнімдері, шұжық өнімдері төмен бағамен сатылымға шығарылды. Ауыл тұрғындарына таза, балғын өнімдер әр демалыс сайын ұсынылып отырады. Аудандық әкімдікте жылыту маусымына дайындық бойынша штабтың отырысын өткізді. Аудан орталығындағы бірнеше маңызды нысандар мен мемлекеттік мекемелерді аралап, жұмысымен танысты. Бородулиха аудандық төтенше жағдай бөлімінде болып, өрт сөндіру бөлімінің ғимаратымен, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейімен танысты. Сондай-ақ, «Балдәурен» бала бақшасы, Достық үйі, Бородулиха арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында болып, олардың жұмысымен танысты. Барлық нысанда айтылған сұрақтар мен өтініштер бақылауға алынды. Буркотово ауылына кіреберіс 23 шақырым жол жөнделді. Переменовка ауылдық округіне қарасты Андроновка ауылында қатты желдің салдарынан су жинау мұнарасының құлау мәселесі жедел түрде шешілді. Михайличенково ауылында балалар ойын алаңы абаттандырылды. Белағаш ауылының халқы ауылдық клуб салу туралы сұрақты бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатыр. Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында биыл облыстық бюджеттен қаражат қарастырылды. Степной ауылдық округінде болып, Шелехово ауылының тұрғындарымен кездесті. Боровлянка негізгі мектебінің шатыры мен терезелері ауыстырылды. Жезкент мектебінің жылыту жүйелеріне жөндеу жүргізілді. Петропавловка ауылдық округінде «Балбөбек» шағын орталығында ойын және ұйықтайтын бөлмелеріне жылы еден орнату жұмыстары жүргізілді. Абай атындағы мектептің шатырын жөндеу жұмыстары аяқталды. «Транстелеком» АҚ басшысымен кездесіп, ауданның елді мекендерінде ұялы байланыс сапасын арттыру, бейне бақылау жүйелерін орнату сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Ауданда қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта аудан бойынша 21 мың тонна шөп, 900 тонна пішендеме, 900 тонна сабан, 200 тонна жем дайындалды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
6. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы.
Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы 1727,3 баллмен рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Шілде айы Үржар ауданы үшін жаңа басшының тағайындалуымен басталды. Әйтсе де экс-әкім кетер алдында халық қалаулысы Нұртай Сабильяновпен аудандағы бірқатар елді-мекендерді аралап, ауданның дамуына зор үлесін қосқан қоғам қайраткері, Үржар ауданының құрметті азаматы марқұм Кәкім Орынханұлы құрметіне Мақаншы ауылында көше берілуіне байланысты ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты. Сондай-ақ, облыстық «Аяулы жас келін 2023» байқауын жоғары дәрежеде ұйымдастырды. Жаңадан тағайындалған аудан әкімінің міндетін атқарушы белсенділік танытуда. Ол бірқатар бөлім, басқарма басшыларын қабылдап, ауданның даму көрсеткішін талқылады. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, елді-мекендерді аралады. Әуежайға апаратын айналма жолмен танысып, алдағы уақытта аталған жолды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындауды тиісті бөлім басшыларына тапсырды. Алакөл жағалауындағы өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп бойынша және басқада өзекті мәселелер бойынша жиын өткізді. Үржар, Ақжар ауылдық округтерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысты. Қоңыршәулі ауылында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жұмыс барысында ауылдағы спорт модуль құрылысы мен Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын қарап, нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын қажет ететін жергілікті ауруханаға барып, мекеменің материалдық-техникалық жағдайын қарады. Сондай-ақ, Жоғарғы Егінсу ауылындағы су құбыры жұмыстарымен танысып, кемшіліктерді түзеу бойынша мердігерлерге тапсырмалар берді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар елді-мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
7. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.
Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 1216,3 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Ол шілде айын Қарауыл және Кеңгірбай би ауылдарында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын қадағалаудан бастады. Кеңгірбай би ауылында қос пәтерлі 2 тұрғын үй, Қарауыл ауылында қос пәтерлі 11 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы аудан бойынша жиыны қос пәтерлі 21 тұрғын үй салынып, 42 отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда. Келесі кезекте Қарауыл ауылындағы «Абай саябағының» абаттандыру жұмыстарымен және Көкбай ауылында спорт модулінің құрылыс барысын қадағалады. Аудан орталығында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Облыстық маңызы бар Аягөз-Қарауыл-Р23-Семей-Қайнар жолының 174-184 шақырым аралығы мен Медеу ауылына кіреберіс жолының орташа жөндеу жұмыстарын қадағалады.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
8. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.
Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 1166,0 баллмен сегізінші орынға жайғасты. Теректі-Шұғылбай ауылдары арасындағы 15 км жолдың жағдайы сын көтермейтін. Ауыл тұрғындары осы мәселені жиі көтеретін. Аталған жол учаскесін орташа жөңдеуге қаражат бөлінді. Өткен жылы осы жол учаскесінің Шұғылбай-Өрнек ауылдары аралығындағы автокөлік жолының 7,9 шақырымына асфальт төселген. Биылғы жылы Өрнек және Теректі ауылдары арасындағы 7,1 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Қазіргі уақытта Теректі-Шұғылбай аралығындағы 15 км жолға асфальт төселіп, орташа жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Толағай - Көкпекті ауылдары арасындағы жолдың 5 км орташа жөндеу жұмыстары басталды. Көкпекті ауданының білім беру мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджет есебінен 147 млн. теңге қаражат бөлінді. Көкпекті ауылының Ұлы Дала Елі алаңында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі тұрақты негізді өтуде. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Толағай, Теректі, Шұғылбай,Қойгелді Аухадиев ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін шешу жолын қарастырды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
9. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі.
Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сеилбек Абұирұлы 1024,8 баллмен тоғызыншы орынға тұрақтады. Шілде айын Ақши, Ақтүбек, Тарбағатай ауылдық округтерінің халқымен кездесуден бастады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Нарын ауылдық округіндегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан жалпы орта білім беру мектебінің жұмыстарын қадағалап, ауылдық амбулаторияның жай-күйімен танысты. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қала, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме, кәсіпорын басшыларының қатысуымен бірқатар мәселелер бойынша жиын өткізді. Емелтау ауылдық округінде жұмыс сапарымен болып, ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Аягөз қаласының Р. Қошқарбаев көшесіндегі тұрғын үй құрылысын қадағалады. Ақ тулы төре, айтулы сұлтан Санияз Көшекұлының 300 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Төтенше жағдайлар министрімен өрт сөндіру бөлімдерінің жұмыс барысымен танысып, техникалардың дайындықтарын тексерді. Аягөз қаласының көшелерінде күнделікті таңертең жолдарды жазғы күтіп ұстау жұмыстары барысында асфальт жуу жұмыстары жүргізілуде. Ақтоғай кенті мен Қопа ауылында жұмыс сапарымен болып, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Ақтоғай кенттік округінде автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Алтын тай» ұлттық спорт түрінен ат жарыс ұйымдастырылды. Мамырсу ауылдық округінде баспана құрылысын жүргізіп жатқан мекеме өкілдерімен кездесіп, баспана құрылысымен танысты.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
10. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.
Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 289,2 баллмен әдеттегідей көш соңына жайғасты. Аудан басшысы шілде айында өзінің жұмысы туралы ресми парақшасына жазбалар жарияламаған. Аудан әкімдігінің парақшасынан саусақпен санарлық жазбаны байқадық. Онда Ақсуат ауылында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілгені, аудан әкімі орынбасарларының бір-екі нысанды аралағаны туралы жазылған.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу және қолға алу ұсынылады.