Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.58 480 4.86

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

6-04-2023, 10:00 018.kz

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (НАУРЫЗ АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Талғат Батырұлы Мұратов

3) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

Орташа рейтинг:

4) Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов

5) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов

6) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

7) Асхат Сайдахметұлы Смаилов

Аутсайдерлер:

8) Ахметқали Ахашұлы Нұрғожин

9) Олег Васильевич Чугунков

10) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов

1. Нұрбол Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі. 

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов 2938,2 баллмен 2023 жылдың наурыз айының рейтингінде көш бастады. Ол наурыз айын қарапайым қызметкерлерге алғыс айтудан бастады. Артынша «Көктем – 2023» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. Жолдарды қар мен мұздан тазарту, көктайғаққа қарсы іс-шаралар мен қарды жаппай шығаруды белсенді қолға алды. «Ару көктем» атты 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналған салтанатты кешке қатысты. Казкрай, таткрай аудандарының және қаланың орталық бөлігінің тұрғындарымен кездесіп олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Биыл 32 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Кезекті мәрте көпбалалы аналарға алтын және күміс алқаларды салтанатты түрде табыстады. Сайлау науқанының ақпараттық сүйемелдеуін белсенді түрде ұйымдастырды. Наурыз мейрамын ерекше форматта атап өтті. Бұл жолғы Наурыз мейрамын тойлаудың бір ерекшелігі, әртүрлі тақырыптарды арқау ететін импровизацияланған ауылдар ұлттық салт-дәстүрлер бойынша өнер көрсетті. 30-ға тарта киіз үйлер тігілді. Қала аумағында санитарлық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. «Спартак» стадионына барып, стадионның жай-күйін тексерді. Оның іші-сыртын жөнге келтіруді тапсырды. Семей қаласының әкімдігі заңсыз қоқыс төгетіндермен күресуді бастады. Сондай-ақ, сенбілік жұмыстарын белсенді қолға алды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: Facebook парақшасын белсенді жүргізу ұсынылады.

2. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 1807,3 баллмен ағымдағы жылдың наурыз айының рейтингінде үздік үштіктің қатарына кірді. Ол наурыз айын Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Гуслев Константинді құттықтаудан бастады. Артынша алғыс айту күніне арналған «Ризамын елім саған» атты салтанатты жиынға қатысты. Аудандағы қар шығару жұмыстарын бақылап, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды жауапты бөлім басшыларына тапсырды. Бөкебай, Қарағайлы, Башкөл ауылдарына барып, әлеуметтік нысандардың қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғандығына көз жеткізді. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындауына және қауіп-қатерге ден қоюға бағытталған азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйелерімен тактикалық арнайы оқу-жаттығуларын тексерді. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Тұрақты түрде апта сайын бағаны тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізуді қолға алды. 24/7 режимінде жаппай қар суын сорғылап шығару іс-шараларын ұйымдастырды. Өндіріс ауылының халқымен кездесіп, онда 2 жоба жүзеге асырылатын айтты. Нәтижесінде ауылға кіреберіс аяқталмаған тас жол жөнделетін болады, оған облыстық бюджеттен 120 млн. теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, аталған ауылда жаңа Мәдениет үйі бой көтеретін болады. Оған облыстық бюджеттен 20 млн. теңге қаражат бөлінді. Биылғы жылы Қарабас ауылының көшелеріне жарық шамдары орналасатындығын айтып, ауылдың кіреберіс тас жолын жөндеуге облыстық бюджеттен 60 млн. теңге қаражат бөлінгендігін мәлімдеді. Беген, Бұқабай, Қоянбай ауылдарының халқымен кездесуде мәдениет үйінің салынатындығын айтса, Қарағайлы ауылында халықтың сұранысы бойынша ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Оған облыстық бюджеттен 10 млн. теңге бөлінді. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Бесқарағай ауылының Рыскулбеков, Строительная, Ломоносов, Юность, Южная, 40 лет Победы, Желтоқсан көшелеріне жалпы сомасы 15,3 млн. теңгеге көше жарығы орнатылса, Әуезов, Мир, Тәуелсіздік, Дастенов, Жабаев көшелерінде жалпы сомасы 93,7 млн. теңгеге жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Бесқарағай ауылдық округі тұрғындарының өтініші бойынша ауылішілік автобус іске қосылды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1625,1 баллмен ағымдағы жылдың наурыз айының рейтингінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Наурыз айын Ақжал округі, Жаңғызтөбе кенті мен Божығұр ауылдық округінен бастаған аудан әкімі кездесу алдында мектептердің жылу қазандықтарын, сайлау учаскелерінің дайындықтарын, көктемгі су тасқынын алдын алу іс-шараларымен танысты. Бірлік, Қаратөбе, Батыр Қапай, Кіші Қарасу, Суықбұлақ, Шар, Үшбиік, Аршалы, Қызылағаш, Бірлікшіл, Сұлусары, Әуезов, Шалабай ауылдарының халқымен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан көшелерді жарықтандыру, жайылымдық жер, көше жолдарын қардан тазалау, абаттандыру, жол жөндеу, қазба жұмыстарына рекультивация жүргізу, қараусыз жүрген иттермен күресті қолға алу, ауыз су мәселелеріне қатысты сұрақтар көтеріліп, барлығын басшылыққа алды. Грек-рим күресінен 2011-2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері Думанбек Данабаевтың жүлдесіне арналған І ашық облыстық турнир өткізді. Аудан бойынша су тасқынын алдын алу іс-шаралары күн тәртібіне қойылып, көктемгі нөпір судың алдын алу шараларын қарастырды. Сондай-ақ, Белтерек, Қапанбұлақ, Жарық ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, олардың тарапынан ауыз су, жолдарды қалыпта ұстау, елді мекендерді абаттандыру, учаскелік полиция қызметкерінің жетіспеушілігі, мектептердегі оқушы саны азаюы, интернет желісін тарту, Жаңғызтөбе-Жарық бағытындағы автокөлік жолын жөндеу мәселелеріне қатысты ұсыныстары мен тілектерін тыңдап, оларды басшылыққа алды. Жарма ауданы бойынша пайдаланылмайтын және жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстарын пысықтады. Апта сайын мекемелер мен ұйымдар, мемлекеттік органдар тарапынан сенбілік ұйымдастырылып, аудан бойынша елді мекендердің санитарлық-тазалық жағдайын жақсарту мақсатында «Үздік округ», «Үздік елді мекен», «Үздік көше», «Үздік аула» атты байқау ұйымдастырылатынын атап өтті. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы 1490,2 баллмен рейтингте төртінші орынға жайғасты. Аудан басшысы наурыз айын Үржар ауылының тұрғындарымен кездесуден бастады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол, интернет, баспана, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға заң аясында жауап беріп, жауапты мекеме басшылары мен ауыл әкімі Щуцкий Виктор Васильевичке аталған мәселелерді қадағалауда ұстауларын тапсырды. Артынша тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Мақаншы ауылдық округіндегі халыққа қызмет көрсету орталығында болып, оның жұмысын қадағалады. Таскескен ауылына қарасты Қарақол су қоймасы мен Жаңа тілек ауылдық округіне қарасты Егінсу су қоймасына  барып, жауапты басшылармен көктемгі су тасқынының алдын-алу жоспарын қарастырды. Сондай-ақ, елді-мекендердегі жолдың жиектерін қардан тазарту мен ойлы-шұңқырлы жерлерді арнайы техникамен қыру бойынша тапсырмалар жүктеді. Аудан орталығындағы «Қуаныш» базарында болып, орталық базарда еңбек етіп жүрген шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерімен тілдесті. Салқынбел, Көкөзек, Қаратұма, Көлденең ауылдарының халқымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Таскескен ауылындағы 106 жастағы алтынқұрсақты кейуана Оқан Салдырбаева мен 95 жастағы көпбалалы ана, тыл ардагері Балсекер Баймухаметованы мерекелерімен құттықтады. Бірақатар аппараттық жиналыстар өткізіп, елді-мекендердегі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысты. Бестерек ауылындағы су құбыры бойынша болған апатты жағдайды жедел шеше білді. Қытай Халық Республикасымен шекарада орналасқан «Бақты» кеденінің жағдайын бақылады. «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясын өткізді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

5. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 1233,8 баллмен рейтингтің ортасына тұрақтады. Наурыз айын аудан орталығы Қарауыл ауылының тұрғындарымен кездесуден бастады. 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ана - өмір шуағы» атты мерекелік кешке қатысты. Көрнекті халық жазушысы, ұлағатты ұстаз, абайтанушы, мұхтартанушы – Кәмен Оразалиннің мұражай-үйіне барып, оның жұмысымен танысты. Ардагер ұстаз Тоққарин Досымханмен кездесіп, білім мәселесін талқылады. Аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Бірқатар әкімдік отырыстары өтіп онда ветеринариялық қызметтердің жұмысы, аумақта эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, елді-мекендерді және аудан орталығын абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, тазалық айлығын өткізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 854,4 баллмен рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Ол наурыз айын аудан халқына алғыс айтудан бастады. Ұлттық өнер мен спортқа ден қойған әкім аудан азаматтарын қолдап, көкпар ұйымдастыруды жолға қойды. Өткен айда уәде еткендей, Биғаш негізгі мектебі жанынан 25 балаға арналған толық күнді балабақша ашты. 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын барысында көпбалалы ананы «Күміс алқа» медалімен, көп жыл бойы ауданға еңбегі сіңген апаларды «Асыл ана» медалімен, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматшаларға «Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және алғыс хаттарымен марапаттады. Жұмыс сапарымен Преображенка және Үлкенбөкен ауылдарына барып, онда ауылдық округ әкімдерімен бірге ауылдардағы су өткізгіш құбырлардың қардан тазалануы, ауылдық округтердің көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығымен танысты. Жалпы аудан бойынша көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 60 мың метр кубтан астам қар шығарылып, 5 мың мөшек, 500 тонна инертті материал және қажетті мөлшердегі жанармай мөлшері дайындалды. Кеңейтілген аппарат отырысы өткізіліп, күн тәртібінде: Көкпекті ауданының 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, Аудан бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы, 2023 жылға жоспарланған мемлекеттік сатып алу жұмыстары туралы, Аудандық аурухана жұмысы және ғимаратты жөңдеу туралы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары туралы және Көкпекті ауданында Наурыз мерекесін атап өту барысы қаралды. Ақтас ауылына барып, онда «Бақытжан» шаруа қожалығымен танысты. Тассай ауылына жұмыс сапары барысында атбегілермен кездесіп, сәуір айында ұлттық ойындар орталығы ашылатынын жеткізді. Жұмыс барысымен аудандық ауруханаға барып, гемодиализ орталығын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

7. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 847,5 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Наурыз айын Ырғызбай ауылдық округіне қарасты Қожакелді елді мекеніне барудан бастады. Онда алдымен «Толағай» мектеп-балабақшасындағы оқушылардың сабақ үдерісімен танысып, ұстаздармен пікірлесті. Аудан басшысы Ақсуат өңірінің шағын ауылдарындағы мектептердің жабылып қалмай жұмыс істеп тұруы аса маңызды деді. Ол үшін барлық қажетті қолдаулар жасалатындығын айтты. Артынша ауыл халқымен кездесті. Кездесуде тұрғындар бірқатар мәселе көтерді және ұсыныстары қолдау тапты. Атап айтқанда, ауылдан футбол алаңын салуға сметалық құжаттамасы жасалатын болды. Сонымен қатар, кіреберіс аркадан басталған он шақырым жолға да жөндеу жүргізу қолға алынбақ. Тағы бір игі жаңалық таза ауызсу жүйесі тартылады. Мектепті де талапқа сай етіп жөндеу мәселесі назарға алынды. Сондай-ақ, Сәтбаев ауылдық округінің Сұлутал елді мекенінде болып, бірқатар ауыл тұрғындарымен және үлкендерімен жергілікті мәселелер туралы пікірлесті. Сұлутал елді мекенінен «Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту» Ұлттық жобасымен жаңадан медициналық пункт салынады. Ұңғыма павильоннан ауызсу үйді-үйге, қызылсызыққа дейін тартылып беріледі. Ауыл тұрғындары балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін футбол алаңы болса деді. Аудан әкімі ұсынысқа қолдау танытып, тиісті жобалық сметалық-құжаттамасын дайындауға ауыл әкіміне тапсырма берді. Аудан орталығының көшелерін қардан тазарту жұмыстары белсенді жүргізілді. Сондай-ақ, аудан орталығының абаттандыру жұмыстарына көңіл бөліп, білім мекемелері мен саябақтарын аралады. Бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты негізде ұйымдастырылды. Ақсуат ауылындағы бұрынғы ескі аурухананың инфекция және терапия бөлімі болған ғимараты кезінде басында баспанасы жоқ әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, асыраушысы жоқ жалғызбасты азаматшаларға жағдайлары ескеріліп, тұруға тегін берілген болатын. Бірқатар тұрғындар ғимаратты жөндеуден өткізуді сұрап, аудан басшысымен тікелей кездесті. Аталған мәселені Асхат Сайдахметұлы өзінің бақылауына алатынын жеткізді. Аудан әкімі өзінің ресми парақшасындағы белсенділікті арттырар болса алдағы айларда көшбасшылар қатарынан көрінуі ықтимал.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: Instagram және Facebook желісіндегі ресми парақшадағы белсенділікті арттыру ұсынылады.

8. Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы – Бородулиха ауданының әкімі. Бородулиха ауданының әкімі Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы 838,5 баллмен сегізінші орынға жайғасты. Наурыз айын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысын тағайындаудан бастады. Артынша «Көктем - 2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысып, қызметтердің дайындығын қадағалады. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, аудан тұрғындарынан Дмитриевка ауылындағы орта мектептен қазақша сыныптар ашу туралы өтініш айтылды. Аудан басшысы аталған мәселені басшылыққа алып, 2023-2024 оқу жылында оң шешімін табатындығын жеткізді. Көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстар шеңберінде Красный Яр ауылдық округіндегі Уба өзенінің үстінде бірнеше мұз жару жұмыстары жүргізілді. Аудандық Ардагерлер кеңесінің алғашқы Пленумын өткізді. Аудан орталығының тұрғыны «Балдәурен» бала бақшасында қосымша топтар ашу туралы өтінішпен жүгінді. Аталған сұрақ бойынша Абай облысы бойынша білім басқармасына тиісті өтініш жолданып, қосымша 2 топқа бөлмелер дайындалды. Наурыз айында өткен жиындарға мән берер болсақ, барлық көрнекі ақпараттар тек ресми тілде берілгенін байқауға болады. Алдағы жиындарда Тіл туралы заңнаманы сақтайды деген сенімдеміз. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

9. Чугунков Олег Васильевич – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Чугунков Олег Васильевич 818,6 баллмен тоғызыншы орынға тұрақтады. Қала әкімі осы айда белсенділік танытып, бір саты жоғарылады. Бұл жақсы көрсеткіш. Наурыз айын өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізуден бастап, артынша басқа әкімдер сияқты «Көктем - 2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. Су тасқынының алдын алу бойынша шараларды белсенді жүргізді. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың өтініштерін басшылыққа алды. Қаладағы көпқабатты үйлердің шатырын ретке келтіру бойынша тұрғындарды қабылдады. Сондай-ақ, әкімдік жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарын өткізді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: Instagram және Facebook желісіндегі ресми парақшадағы белсенділікті арттыру ұсынылады.

10. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сейілбек Абұирұлы 491,6 баллмен көш соңына жайғасты. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені аудан әкімі облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде партиялық тізіммен «AMANAT» партиясының атынан ұсынылды. Үгіт-насихат жұмыстарына байланысты жоспарланған шараларға орынбасарлары қатысты. Алдағы айларда аудан әкімі қайтадан үздіктер қатарынан көрінеді деген сенімдеміз.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив