АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.
Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.
Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, облыстағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі өткізілді. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты «Абай Ақпарат» редакциясының ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.
ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ҚАРАША АЙЫ БОЙЫНША)
Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.
Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:
1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов
2) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров
3) Талғат Батырұлы Мұратов
Орташа рейтинг:
4) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов
5) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов
6) Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов
7) Ахметқали Ахашұлы Нұрғожин
Аутсайдерлер:
8) Асхат Сайдахметұлы Смаилов
9) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев
10) Олег Васильевич Чугунков
1. Нұрбол Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі.
Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов 2432,8 баллмен жалпы рейтингте көш бастады. Ол халықпен кері байланыстың тиімді тәсілдерін қарастыра отырып, қаланың шет аумақтарында орналасқан шағын аудандардағы тұрғындардың мәселесін жедел шешу мақсатында бірқатар бас инспекторларды тағайындады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан «Абай Жастары» тұрғын үй бағдарламасының іске асуына өңірдегі елді-мекендердің арасында бірінші болып қаржы бөлді. Қаладағы ең өзекті мәселе қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша жұмыстарды тікелей өз бақылауына алды. Сонымен қатар, азаматтарды демалыс күніне қарамастан, кейінге қалдырмай сенбі, жексенбі күндері қабылдау өткізіп, проблемалық сұрақтарды тыңдап, оларды назарға алды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: қала тұрғындары үшін арнайы ашылған WhatsApp нөмеріне келген азаматтардың өтініштеріне уақтылы кері байланыс орнату мен назарға алынған мәселелердің нәтижесі туралы ақпаратты өтініш білдірген азаматтарға қысқа мерзім ішінде хабарлау ұсынылады.
2. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.
Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1326,3 баллмен екінші орынға жайғасты. Аудан әкімдігі ауданның тарихы мен мәдениетінен сырт шертетін жазбаларды оқырмандарға ұсына бастады. Сондай-ақ, ресми парақшаның біркелкі дизайны пайда болды. Аудан әкімінен бөлек, олардың орынбасарларының жұмысы желіде көріне бастады. Сонымен қатар, ауылдық елді-мекендерде мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіру мен олардың жұмыс нәтижелерін арттыру мәселесі қолға алынып, ауданда кен орындарының болуына байланысты Жарма технологиялық колледжінде тау-кен саласына қажетті мамандарды да қоса даярлау мүмкіндіктері негізге алынды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: технологиялардың жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықпен кері байланыс орнатудың ұтымды тәсілдерін қарастыру ұсынылады.
3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.
Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 1300,4 баллмен үздік үштікті түйіндеп тұр. Аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық потенциалын арттыру мақсатында өткен айларда іргелес Курчатов қаласының әкімімен кездесу өткізсе, осы жолы Павлодар облысына қарасты Железин ауданының әкімімен келіссөздер жүргізіп, ауданаралық қатынасты одан әрі дамытуға уағдаласты. Бірнеше жылдар бойы көктем мезгілінде ауылішілік жолды шайып кету салдарынан Бозтал ауылының ішіне су кіруі бойынша жауыр болған өткір мәселе көктемде қайтадан қайталанбас үшін аудан әкімінің тікелей бақылауына алынды. Сондай-ақ, жылдар бойы шешімін таппаған аудандық мәдениет үйінің сахнасын жарықтандыру мәселесі бойынша бюджеттік өтінім әзірленетін болды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: халықпен кездесулерде назарға алынған мәселелердің нәтижелерін желіде ашық түрде жариялау ұсынылады.
4. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.
Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 1277,7 баллмен төртінші орында тұр. Аудандағы рухани бағыттағы туризмды дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Қараша айында аудан әкімінің қолдауымен қарымды қаламгер, білікті педагог Кәмен Оразалиннің музей-үйі ашылды. Ауылдық елді-мекендердегі тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында олармен кездесулер өткізіліп, проблемалық сұрақтардың барлығы назарға алынды. Аудан әкімі технологияның жаңа мүмкіндіктерінің бірі саналатын мобилографияны мықтап қолға ала бастады. Бірақ әкімдіктің ресми парақшасы білім, мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімдерінің парақшасына айналып кеткен сыңайлы, жарияланған жазбалардың басым бөлігі білім, спорт тақырыптарына қатысты. Әкімдіктің парақшасы мектеп пен кітапхананың жазбаларына толы, білім бөлімі мен мәдениет бөлімінің жаңалықтарын бірізділікпен көшіріп сала берген.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: әкімдіктің парақшасын жүргізудің жаңа тәсілдерін қарастыру ұсынылады.
5. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі.
Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сеилбек Абұирұлы 726,9 баллмен рейтингтің ортасында тұр. Аудан әкімі қараша айында нақты іс-әрекетке көшкен сыңайлы. Ол Аягөз қаласы Б. Момышұлы көшесіндегі асфальт төсеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, тексеру барысында асфальттың бір бөлігін қолымен жұлып алды. Нәтижесінде аталған көшедегі асфальттау жұмыстарының сапасы талаптарға сәйкес екендігін анықтау мақсатында қала әкіміне арнайы лаборотория шақыртып асфальттың сынамасын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.Сондай-ақ, «Қуаныш» мөлтек ауданынан 29 үйдің кілті мұқтаж отбасыларға табыс етілді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: аудан әкімі орынбасарларының атқарған жұмыстарын желіде жариялау ұсынылады.
6. Нұржан Тоқсеитов – Үржар ауданының әкімі.
Үржар ауданының әкімі Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы 626,7 баллмен алтыншы орында тұр.Аудан әкімі мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығы аясында Құсбегіліктен І Әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізді. Сондай-ақ ауылдық елді-мекендердегі қар тазалау жұмыстарын тиімді ұйымдастыра білді.Әуежайдың ұшып-қону жолағындағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, алғашқы рейсті іске қосты.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: атқарған жұмыстар мен оның нәтижелерін желіде жариялау, сондай-ақ әкімдіктің парақшасын жандандыру мен Facebook парақшаны белсенді жүргізу ұсынылады.
7. Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы – Бородулиха ауданының әкімі.
Бородулиха ауданының әкімі Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы 521,4 баллмен жетінші орында тұр. Аудан әкімдігінің парақшасы құдды бір ақпарат агенттігіне айналып кеткен. Ресми парақшаға әкімдіктің жұмысын емес, Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты туралы ақпаратты жариялаған. Әкімдіктің жұмысына қатысы жоқ ақпараттар өте көп. Қалай болса солай парақшаны ақпараттың қоқыс жәшігіне айналдырып жіберген. Аталған ескертулерді аудан басшысы назарға алмаса, келесі рейтингтерде аутсайдерлердің қатарына енуі мүмкін.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: әкімдіктің ресми парақшасына салынған ақпараттарды қадағалап отыру және тұрғындарға пайдалы ақпараттар беру ұсынылады.
8. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.
Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 487,2 баллмен сегізінші орында тұр. Аудан әкімі қазан айымен салыстырғанда қараша айында сәл ғана белсенділік танытты, әлі де белсенді болуын күтеміз. Әкімдік парақшасында «Ақсуат Ақпарат» атауымен жаңалықтар шыға бастады. Әкімнің Facebook, Instagram желісіндегі парақшалары қараусыз қалған.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларды белсенді жүргізуді және жарияланатын суреттердің сапасына мән беру ұсынылады.
9. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.
Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 463,8 баллмен тоғызыншы орында тұр. Аудан басшысы желіде белсенді болғанымен, қараша айында өзге өңірлердің әкімдерімен салыстарғанда балл саны оларға жетпей қалды. Әкімдік парақшасының белсенділігі өте төмен. Аудан тұрғындары медиа саласы бойынша әкімнен жаңашылдық күтеді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: әкімдіктің ресми парақшасын жандандыру ұсынылады.
10. Чугунков Олег Васильевич – Курчатов қаласының әкімі.
Курчатов қаласының әкімі Чугунков Олег Васильевич 378,1 баллмен көш соңына жайғасты. Қала әкімінің жұмысын жергілікті SMM мамандар көрсете алмауда. Әкімнің ресми парақшасы қараусыз қалған. Әкімдіктің ресми парақшасында қазақша аудармалар арнайы Google, Яндекс платформаларынан тікелей аударылған. Сондай-ақ, әкімдік - ресми мемлекеттік орган болып табылатындықтан, парақшаға ақпарат саларда мұқият болу қажет. Қараша айында өткен сайлау науқанында сайлау жәшігінің қазақша аудармасын, «қоқыс жәшігі» деп аударған. Бірақ жылдам әрекет етудің нәтижесінде, қате аудармалар қысқа уақыт ішінде түзетілді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: әкімнің ресми парақшасын жандандыру және қазақша аудармалар мен жазбаларды жариялау алдында мұқият болуды ұсыналады.
018.kz