Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.58 480 4.86

Педагог – сарапшы Нұрланова Айгерім Қуандыққызымен сұхбат

5-01-2023, 15:25 Думан Кенжеғазыұлы

Қайырлы күн, Айгерім Қуандыққызы!


«018.KZ» порталындағы сұхбатымыздың алғашқы қонағы болғандықтан өзіңіздің көңіл-күйіңізді білдіріп өтсеңіз, соңғы жаңалықтарды естіп бәріміз қуанып жатырмыз, жаңадан Абай облысы құрылады дегенде Сіздің эмоцияңыз қандай болды?

Қайырлы күн. Абай облысында жалынды жастар бастамасымен құрылған Абай Ақпарат, қазіргі 018.kz порталының шығармашылық қызметіне сәттіліктер тілеймін. Қанша буын арман еткен өз алдымызға облыс боламыз дегенді естігенде көзіме қуаныштың жасы келіп, жүрек ерекше тебіренді. Алдымыздан жаңа мүмкіндіктерге есік ашылып,«Қазағымның жастары! Жалында! Самға! Жаңа Қазақстанды құрушы біздер!» деген патриоттық сезім бойымды биледі.

Тамаша, онда Сізге қояр сауалымыз мынадай: Неліктен мұғалім болуды таңдадыңыз? Біреу сол жолды таңдауға түрткі болды ма?

Мұғалім болу - бала күнімде арман болып, кейін мақсатыма айналды. Ең басты түрткі қоғамға пайдалы болу. Өзім ғана біліп  қоймай, өзгені де сауатты болуға тәрбиелеу адамдық парызым деп білемін. Педагогикалық қызметке қызығушылығымды мектептегі оқытушыларым оятса, педагогикалық колледжді таңдауға себепкер анам болды.

Алғашқы еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз және жас маман ретінде Сізге қандай қолдаулар көрсетілді?

Мен М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің түлегімін. Алғашқы еңбек жолым да сол оқу орнында басталып бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Әрине, қызметке кіріскенге дейін жоғары оқу орнын аяқтап, педагогика ғылымдарының магистрі ғылым дәрежесін алдым.  Педагогикалық қызметке кіріскеннен бастап әлі күнге дейін еңбекте де, өмірде де колледж директоры, ф.ғ.к. Шағангүл Алдамжарқызы Жанаеваның қолдауы тұлғалануыма зор ықпал етті. Себебі менің көз алдымда нағыз педагог маманның моделі болды. Сонымен өзіме білім берген оқытушыларымның да педагог болу жолымда көрсеткен қолдаулары аз емес. Сұхбатты пайдалана отырып М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің педагогикалық ұжымына алғыс айтамын.

Әр істің өзіндік қиындықтары мен ауыртпашылықтары және жүктемесі болады, сондай сәтте өзіңізді қалай ұстайсыз және ол тығырықтан қалай шығасыз?

Өмірдің ақ пен қарасы қатар жүрген сәтте ғана адам өз өмірінің мәнісін түсіне бастайды. Ауыртпашылықтар арқылы жеңілдің, сәтсіздіктер арқылы бардың қадірін бағалаймыз. Сол сәттерде психологиялық әлсіздік танытпас үшін әр адам өз өмірі үшін жауапкершілікті сезіну керек. Проблемадан қашамын деп, жауапкершіліктен қашып жүрген жастар қаншама?! Кез-келген ситуацияда өзімді бірқалыпты ұстауға тырысамын. Ең басты құпия болып жатқан жағдайды сол қалпында қабылдау. Ашу, өкпе ренішке бой алдырмай, әуелі неге бұлай болды? Өзіме және өзгеге тиімді болатындай қандай өзгеріс жасай аламын деген сұрақтың жауабын іздеймін. Негізі өмірді қиындатып, проблема ретінде қарауды ұнатпаймын, жеңіл, бірақ жауапкершілікпен қарау арқылы кез-келген тығырықтан шешім табуға болады.

Бос уақытыңызда қандай шығармашылық жұмыстармен айналысасыз?

Қазіргі күннің басты құндылығы уақыт болып тұр ғой. Ең әуелі бос уақытымды отбасыма, балама, оның қызығушылығына арнауға тырысамын. Бүгінгі күні педагогика-психологиялық білімімді тереңдетіп, әсіресе бала психологиясы, тұлғалық қалыптасу бағыттарына көңіл бөліп, инстаграм парақшамда бөлісіп, қоғамға аз да болса пайдамды тигізіп келемін. Әр күні міндетті түрде кітап оқуға уақыт бөлемін.

Қазіргі балалардың тұлғалық қалыптасуы үшін не істеу керек? Отбасылық институтты нығайту мен бала психологиясын қалыптастыру бойынша қандай кеңестер айтар едіңіз?

Материалдық құндылықтардың жетегінде кетпеуі керек. Адам рухани құндылықтарға көңіл бөле бастағанда тұлғалану процесі басталады. Ол дегеніміз өзгенің сөзін, пікірін теріп жүргенше, әр адам өзінің жан дүниесімен арпалысу керек. «Мен кіммін? Өзіме, өзгеге пайдамды тигізе алып жүрмін бе? Қандай жетістіктерім бар?» деген сияқты сұрақтарды өзіне қою арқылы өмірлік мақсатын айқындап алса, карта іспетті өз жолын бағдарлап алады. Мақсаты айқын адам жетістікке жетері сөзсіз, өз ісіне қанағаттанатын, дүниетанымы кең, әділ адам әрине толыққанды жеке тұлға бола алады. Абайдың қара сөзінде айтылғандай, балаға жастайынан өзіне есеп беруді үйретіп дағдыландырсақ, ата-ана ретінде үлкен міндет атқарған боламыз деп сенемін.

Қазіргі қоғамдағы педагог мамандардың ролі қандай? Әріптестеріңіз ретінде олармен жиі тәжірибе алмасқан дұрыс деп ойлайсыз ба?

Әр заманда педагогтың рөлі ерекше бағаланып келді. Дәрігер адамның тәнін емдесе, мұғалім жанын емдейді. Бүгінде Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасы педагогтардың қоғамдағы маңызын, міндеттерін, құқықтарын тағы бір анықтап берді. Мұғалім ізденуін тоқтатқан кезде мұғалім болуын да тоқтадады. Сондықтан өзара тәжірибе алмасу, түрлі ғылыми жобаларға қатысу педагогтың шыңдала түсуіне зор ықпал беретін алаң деп білемін.

Өзін-өзі тану пәні оқу бағдарламасы үшін әлі де қажет пе? Білікті маман ретінде оның қоғамға берер пайдасын атап өтсеңіз және қандай нәтижелермен бөлісе аласыз?

Өзін-өзі тану пәнін оқу орындарында аса қажет деп санаймын. Оның әдістемелік ерекшелігін түсінген адамға белгілі, сырт көзге жеңіл пән болып көрінгенімен өте қиын пән дегім келеді. Математика, қазақ тілі ғылымдарына нақты теориялар бар болса, өзін-өзі тану пәнінде мұғалімнің басты мақсаты баланың жан дүниесіне әсер ете алу, өмірге даярлау. Тәжірибемде байқағаным, кей мектептерде пәннің қадірін төмендетіп жібергені соншалық, колледжге оқуға түскен студенттерге өзін-өзі тануды оқытқан кезде «бұл расында осындай маңызды, қызықты пән екен ғой» дейді. Курсты аяқтағаннан кейін студенттердің «менің құндылықтарға көзқарасым өзгерді, адам материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, рухани құндылықтарды түсіну керек екен, мен енді өзімді дамыту бағытында мынадай жұмыстар жасаймын» деген пікірлері шынайы нәтиженің көрінісі.

Қаланың қоғамдық жұмыстары мен өзіңіз жұмыс істейтін оқу орнының шараларына жиі қатысасыз ба?

Ия. Мен әрдайым қоғамдық шараларда белсенділік танытуға тырысамын. М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі мәдени-рухани ошақтың орталығы. Оқу-тәрбие процесінде ұйымдастырылатын шаралардың барлығы жоғарыда айтылған жастардың тұлғалануына бағытталған. Болашақ педагогтарды даярлауда қоғамдық жұмыстарды белсенділендіру маңызды аспект. Студенттерді қоғамдық өмірге баулу үшін мұғалімнің өзі қоғамдық өмірде белсенді болуы керек.

Өзіңіздің шығармашылық және кәсіби салаңыз бойынша қандай мәселелер бар және олардың шешу жолын ұсына аласыз ба?

Адамдардың өз проблемасымен бетпе-бет қалып, тығырықтан шығар жол таба алмай қалған сәттерін көргенде, басқаға айтайын десе орынсыз жердегі «ұят болады» үшін өзін жоғалтып алып адасқандарды көргенде «қалай көмектессем» деген сұрақ ойымды мазалайтын. инстаграм парақшамды жүргізудегі де басты мақсатым сол еді. Әр адам өзіне қажетті сұрақтың жауабын таба алса екен деймін. Қуанарлық жағдай, мәселесімен бөлісіп, көмек сұрай алатын жастардың қатары көбейіп келеді. Ал кәсіби педагогикалық сала бойынша жиі айтылатын мәселе мұғалімдерді қажетсіз қағазбастылық пен есептерден әлі де арылтып, нақты баламен жұмыс жасауына, ғылыми-ізденушілік жұмыстармен айналысуына мүмкіндік беру керек.

Соңғы сұрақ, мотивацияны қайдан аласыз және оқырмандарымызға қандай кітаптар оқуға кеңес бересіз?

Менің мотивациям менің отбасым. Менің мотвациям баламның жарқын болашағы. Менің мотивациям ризашылығын білдірген студенттерімнің таза пейілі. Әрине барлығына М. Әуезовтің әңгімелер жинағын оқуға кеңес беремін. Себебі шығармадағы әр кейіпкерден бүгінгі қоғамдағы жағдайды танып көруге болады. Сонымен қатар қазір логотерапия, балалықтан даналыққа деген кітаптарды оқып жатырмын және өзін-өзі тануға ұмтылған жастарға оқуға кеңес беремін.

Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив