Өңірдегі жолдардың қысқа дайындығы қаралды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Абай облысының автомобиль жолдарының қысқы мерзімге дайындығы және 2025-2026 жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Айбек Әнуарбеков және Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Алексей Штыкель баяндады. Барлық аудан-қала әкімдері жолдардың қысқа дайындығы туралы ақпарат берді.
Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы қызмет көрсетілетін ұзындығы – 2176 шақырым. Қысқы кезеңде республикалық жолдарды күтіп-ұстауға 143 арнайы техника жұмылдырылады. Желтоқсан айында «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» күре жолының 309 шақырымы қабылданып, қызмет көрсетілетін жолдың ұзындығы 2002 шақырымға дейін артады.
Облыс аумағында қар басу қаупі бар 51,3 шақырым учаске анықталған. Бұл бағыттарда тәулік бойы патрульдік кезекшілік ұйымдастырылады. Қысқа дайындық шеңберінде 3100 метр қар тоқтату қалқандары орнатылып, 303 уақытша жол белгісі қойылды.
Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 593 шақырым, 22 учаскеден тұрады. Қысқа қажетті материалдар мен 98 техника дайындалған. Төтенше жағдайлар кезінде жедел шаралар қабылдау үшін жоғары өтімділігі бар техникалар, 7 жылыту пункті және қосымша 91 жылыту орны қарастырылған.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау сапасын арттыру мақсатында көктайғаққа қарсы материал сақтауға арналған 7 жаңа ангар-база салынды. Олар Семей және Аягөз қалалары, Аршалы, Қалбатау, Үржар, Қызылкесік және Бесқарағай елді мекендерінде орналасқан.
Жиын барысында аймақ басшысы салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергеновке, аудан, қала әкімдеріне облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп-ұстау үшін техниканың жеткіліктілігіне толық талдау жүргізуді, қар басу қаупі жоғары учаскелерге қосымша техника бекітіп, тәулік бойы патрульдік қызметті ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар өңірдегі жылыту және тамақтандыру пункттеріне баса назар аударып, тиісті басқармаларға алдағы қыс мезгілінде жедел жәрдем, өрт және басқа қызметтердің жұмысына тосқауыл болатын жағдайлардың барлығын уақтылы жоюды қатаң бақылауға алу қажеттігін айтты.





