Үкімет бизнестің сындарлы ұсыныстарын қолдауға дайын
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Отандық кәсіпкерлер кеңесінің бесінші отырысын өткізді, онда тау-кен металлургия кешенін (ТМК) дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, бүгінгі таңда ТМК-ның ЖІӨ-дегі үлесі 8,5%-ды құрайды. 2022 жылы салада жалпы құны 232 млрд теңге болатын 19 жаңа инвестициялық жоба іске асырылып, 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, 11 айда өнім шығару көлемі 11,4 трлн теңгеге жетті (өсім 17%). Негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн теңгеден асты (өсім 14,8%).
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, Қазақстан пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде жетекші орындардың қатарында. Осыған байланысты ТМК-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін алдағы жылдары минералды-шикізат базасын толықтыру, жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында бизнес-процестерді оңайлату және автоматтандыру, базалық металдарды дайын өнім түріне дейін өңдеуді тереңдету және т. б. бойынша шаралар қабылданатын болады.
Премьер-Министр саланы дамыту жөнінде мемлекет жоспарлап отырған шаралар мен бизнестің сындарлы ұсыныстары алдағы бес жылдық кезеңге арналған салалық тұжырымдамаларда көрініс табатынын атап өтті. Бұл ретте ол нысаналы көрсеткіштер мен индикаторларды нақты іске асыру уақытын көрсете отырып, белгілеу қажеттігін атап өтті.
Отырыс барысында бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері геологиялық саланы және жер қойнауын пайдалануды одан әрі дамыту, ТМК инвестициялық тартымдылығын арттыру, салық салу, цифрландыру, көліктік қамтамасыз ету және жаңа экологиялық талаптарды енгізу мәселелерін көтерді.
Әлихан Смайылов Үкімет ТМК-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін өнеркәсіптік өндіруді 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін бастайтын жобаларды бес жылға дейінгі мерзімге пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату туралы шешім қабылдағанын еске салды.
«Біз экономика салаларын, оның ішінде тау-кен металлургия кешенін қолдау және дамыту үшін тағы қандай шараларды қабылдауға болатынын бизнеспен бірге қараймыз. Үкімет диалогқа қашанда дайын және барлық ұсыныстарды тыңдауға әзір. Бұл ретте мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін әрі қарай сақтауға тырысамыз», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.