Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
444.3 490.91 5.41

Абай облысында «Абай салбурыны – 2026» республикалық құсбегілер турнирі өтіп жатыр

Кеше, 18:48

Ақын, Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының 165 жылдық мерейтойына арналған жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі, республикалық құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли қатысты.

Абай ауданының Көкбай ауылында 13–14 қараша күндері өтетін республикалық турнирге еліміздің 11 облысы мен 3 қаласынан 101 құсбегі жиналды. Жарысқа 20-дан астам құмай тазы да қатысады.

Турнирде құсбегілер бүркіт, қаршыға және ителгі баптау шеберліктерін көрсетіп, өзара сынға түседі. Сонымен қатар қазақы тазылардың жарысы ұйымдастырылып, олардың алғырлығы мен шапшаңдығы сыналады. Бағдарламаға арқан тарту, садақ ату және тай көтеру секілді ұлттық спорт түрлері де енгізілген.

Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы ұлттық спортты дамыту мен құсбегілік өнерді жас ұрпаққа насихаттаудың маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» – деп жаһандану кезеңінде жұтылу қаупінен сақтайтын ең басты қалқан ұлттық құндылықтар мен озық дәстүріміз екенін айрықша атап өткен болатын. «Абай Салбурыны» – ұлттық құсбегілік өнерді дәріптеп, еліміздің түкпір-түкпірінен осы өнердің жанашырлары мен шеберлерін бір арнаға тоғыстыратын маңызды шара. Биылғы турнирге еліміздің 101 құсбегі қатысып, өзара сынға түседі. Бұл – ұлттық құсбегілік өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Қасиетті Абай өңірінде, Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының туған топырағында өтіп жатқан бұл шара ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ел бірлігін нығайта түседі деп сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!» – деді Берік Уәли.

Шара барысында облыс әкімі Қырғыз Республикасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлделі орындарға ие болған қазақстандық құсбегілерге құрмет көрсетті. Аталған халықаралық жарыста бүркіт салудан Атырау облысының өкілі Арман Қошқаров екінші, ителгі салудан Жамбыл облысының өкілі Бақдәулет Бабажан екінші, Ақмола облысының өкілі Ерлан Кенжетаев үшінші орын алды. Ал қаршыға салудан Жамбыл облысының өкілі Серікболсын Жалғасұлы бірінші орын иеленді. Осы құсбегілерге және «Абай салбурыны – 2026» республикалық турнирін ұйымдастыруға демеушілік қолдау көрсеткен азаматтарға да аймақ басшысы алғыс хат табыстады.

Былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған республикалық турнир биыл Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына орай жалғасын тауып отыр.

Турнир аясында Шыңғыстау өңірі тұрғындарының өтініші бойынша «Аңшылық маусымашар» акциясы да ұйымдастырылады. Оның мақсаты – мал шаруашылығына түз тағыларынан келетін қауіптің алдын алу. Акцияға Абай ауданының тоғыз ауылынан тоғыз саятшы қатысып, белгіленген тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, арнайы сапарға аттанады.

Республикалық турнирдің екінші күні, 14 қарашада, жарыстар жалғасып, жеңімпаздар марапатталады. Кешке Көкбай ауылындағы мәдениет үйінде гала-концерт өтеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив