АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.
Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.
Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.
ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ШІЛДЕ АЙЫ БОЙЫНША)
Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.
Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:
1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов
2) Айдар Маратұлы Ибраев
3) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев
Орташа рейтинг:
4) Қанат Серікқанұлы Әділбай
5) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев
6) Талғат Батырұлы Мұратов
7) Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин
8) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов
9) Руслан Ерланұлы Базарбаев
Аутсайдерлер:
10) Сәкен Әлмұхамбетұлы Сатпеков
11) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров
12) Марат Қапарұлы Теміржанов
1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.
Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол 1910,2 баллмен 2024 жылдың шілде айының рейтингінде тағы да бірінші орында. Айдың алғашқы күні қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Halyk банк семейліктерге өзінің 100 жылдығына орай жаңа футбол алаңын сыйлаған болатын. Араға бір жыл салып, банк өз сөзінде тұрып, қала әкімінің қатысуымен ашылу салтанатын өткізіп, салтанатты түрде тұрғындарға алаңды сыйға тартты. Кейін, 2 шілде Абай облысының азаматтарды қабылдау орталығында әкім Семей қаласының тұрғындарын қабылдағанын жазды. Жалпы, шілде айында қала басшысы көшпелі кеңестер көп өткізген. Соның бірі қаланың сол жағалауындағы көпфункционалды ғимараттың желілері бойынша көшпелі кеңесі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай әкім салынып жатқан мектептердің проблемалық сұрақтарын талқылап, кеңес өткізген. Абай облысы электр желісі станциясының мамандарымен бірге Шығыс оң жақ № 5,6,7,9 саяжай массивіне барып, жаңадан орнатылатын трансформаторлық қосалқы станцияны салу жұмыстары туралы көшпелі кеңес өткізген. Қала әкімі күнделікті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралайтынын байқадық. Аралау барысында қала басшысы баяу жұмыс істеп жатқан мердігерлерге ескерту жасап, жөндеуден кейін қалған қоқыстарды алып тастауды тапсырды, мердігерлерге жұмыстарды жеделдету үшін жұмысшылар санын көбейту керектігін тапсырды. Салынған бейнежазбадан шынымен де, әкімнің мердігерлерге наразылық білдіріп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ, қала әкімінің жеке қабылауына келіп, тұрғын үйді салушы құрылыс компаниясына шағымданған тұрғынның наразылығына байланысты әкім Қарағайлы шағын ауданына арнайы барып, Қарағайлы 44 А және Шугаев 163 тұрғындарымен кездесіп, мән жаймен танысты. Айта кетерлік жайт, шілде айында қалаға үкімет басшысы Олжас Абайұлы келіп, Нұрбол Төлегенұлы Семей қаласының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау және абаттандыру жұмысын көрсетіп, жаңа автомобиль көпірі құрылысының барысымен және аспалы көпірді реконструкциялау жоспарымен таныстырды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
2. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.
Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 1175,3 баллмен алғаш рет үздіктердің қатарына қосылды. Жарайсыз! Демек, Айдар Маратұлының әлеуметтік желідегі белсенділігі артқан. Әкім телеграм желісінен өзінің ресми парақшасын ашқан. Бұл да жақсы көрсеткіш. Айдың алғашқы күнін тұрғындарды жеке қабылдаудан бастаған. Кейін ауыл әкімдері, мекемелердің, дербес бөлімдердің басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді. Онда халықпен есеп беру кездесулерінде көтерілген барлық мәселеледі талқылағанын жазды. Бородулиха ауылында жаңадан денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Әкім бұл жобаның ауқымды, әрі бүкіл аудан тұрғындары үшін маңызды екенін жазды. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жаңа медициналық пункт құрылысының барысын тамашалап қайтқанын көрдік. Бородулиха ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов барып, Петропавловка ауылында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, Новая Шульба ауылында жылу желілері мен блоктық-модульдік қазандықтың құрылысын, Бородулиха ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексеріп қайтты. Айдар Маратұлы Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінде болып, «Қазақстан халқы» тұрақты білім беруді дамыту қоры мен Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы серіктестіктің арқасында «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында мектептің 33 заманауи кабинетке ие болғанын жазды. Сонымен қатар, мектеп ART студиясын, STEM зертханасын, Intellectum кеңсесін, музыка бөлмесін, сенсорлық бөлмені және мектеп телестудиясын алған. Бұл инновациялар оқушыларға даму және сапалы білім алу үшін орасан зор мүмкіндіктер ашады.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
3. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі.
Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы да шілде айында 1040,2 баллмен үздік үштік қатарына кірді. Аудан әкімі Барқытбел ауылдық округіне қарасты Барқытбел, Батпақты және Некрасовка ауылдарына барып, елді-мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқанын жазды. Сапар барысында Некрасовка ауылындағы су құбыры жүйесін және Үржар-Барқытбел-Қарабұйрат аудандық маңызы бар 19-34 шақырым аралығындағы жолды орташа жөндеу жұмыстарының барысын аралап, мердігер компания өкілдеріне жол жөндеу жұмыстарын сапалы және мерзімінде аяқтау қажеттігін қатаң тапсырған. Үржар ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Габдылкаримұлы барды. Сапар барысында аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесіп, аудандағы құрылысы жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарды аралап көрген екен. Ауданда Ақжар ауылындағы Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша ғимараты және Таскескен ауылындағы спорт модуль ғимаратының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Депутат ол нысандарға да барып, жұмыс барысын тексеріп қайтқан. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Үржар ауданында да болған. Ол мұнда Қарақол және Шолпан ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Әкім «Көркем телеком» компаниясының Семей қаласындағы филиалдарының өкілдерімен кездесіп, Үржар ауылына «Сергек» бағдарламасымен жұмыс істейтін бейнебақылау камераларын орнату мәселесі қаралғанын жазды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
4. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.
Аягөз ауданының әкімі Әділбай Қанат Серікқанұлы 863,8 баллмен ағымдағы жылдың шілде айының рейтингінде төртінші орынға шықты. Әкім шілде айында әдеттегідей көп жұмыс атқарған. Сарыарқа ауылдық округіне барып, халықпен жиын өткізген. Сарыарқа ауылдық округі әкімінің атқарылған жұмыстары бойынша баяндамасын тыңдап, ауылдық округтің жағдайымен танысып, Байғара би, Ақтайлақ би кесенелерінде болғанын жазды. «Айдарлы Прожект» ЖШС-нің өкілдерімен кездесу өткізіп, кездесу барысында кен байыту бағытында Аягөз ауданында атқарылатын жұмыстарды талқылаған. Құрылыс жұмыстарына келер болсақ, әкім парақшасынан биыл Аягөз қаласының «Қуаныш» мөлтек ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңадан 600 орындық мектеп құрылысы, Қорық, Ай ауылының, Байқошқар, Қопа ауылдық округтерінің су құбыры желілерінің құрылысы, «Аягөз ауданының Аягөз қаласында 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлердің сыртқы инженерлік желілерін салу және абаттандыру және Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасының 10 төсектік жансақтау бөлімін кеңейту құрылысы жүріп жатқанын байқадық. Нұртай Салихұлы Абай облысының барлық аудандарын аралап қайтқан сияқты. Ол Аягөз ауданының орталық ауруханасына барып, жансақтау бөлімін кеңейту құрылысымен танысып, қызметкерлермен кездесу өткізген және аудан басшысы жоғарыда аталған нысандарға да апарып, жұмыспен таныстырған. Атап өтерлік тағы бір қонақтар бар. Олар - Қытай Халық Республикасының делагациясы. Олар Аягөз ауданының дамуына инвестиция тарту бойынша жұмыстар және Аягөз-Бақты бағытындағы теміржолдың құрылысы мәселесі барысында келді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
5. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.
Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 858,2 баллмен бұл айда бесінші орынға көтерілді. Әкім биылғы жылы қаланы абаттандыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілгенін жазды. Барлық субұрқақтар қалпына келтірілді, шөп шабу, көшелерді тазалау жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты туындаған мәселелерге қатысты әкімдік және ШЖҚ «Курчатов Водоканал» МКК қызметкерлерімен қалада тазалықты қамтамасыз ету мәселесі бойынша кеңесі өткізді. Проблемалық мәселелерді талқылап, әкім мамандарға қоршаған ортаның температурасын, ыңғайлы жұмыс кестесіне көшу мүмкіндігін ескере отырып, міндеттерді жүйелі түрде орындауды тапсырды. Курчатов қаласына жұмыс сапарымен халықпен есептік кездесу өткізу үшін облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев барды. Кездесуге қатысушылардың назарына 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар және қаланы дамытудың перспективалық жоспарлары туралы ақпарат жеткізіліп, сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылды. Шілде айында әкімнің төрағалығымен жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыста денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік қызметті дамыту, жас ұрпақты әлеуметтік бейімдеу, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары, мәселелері қаралған. Курчатов қаласында тұрмыстық химия өндірісін ашқысы келетін қаланың кәсіпкерлерімен кездесу өткізген. Әкім олардың өнімдерімен танысып, осы жобаны іске асыру мәселелерін талқылағанын жазды. Демек жақын арада Курчатов қаласында тұрмыстық химия өндірісі ашылмақ. Ал, әкімдік қызметкерлері әлі де бізді күлдіруден жалығар емес. Болат Таңсықбайұлы өзінің жеке парақшасына салынатын суреттерді мұқият таңдап салғанымен әкімдік парақшасына салынатын материалдарды бақыламайтынына бұған дейін бірнеше мәрте көз жеткіздік.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
6. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.
Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы ағымдағы жылдың шілде айының рейтингінде 695,8 баллмен үздік үштік қатарынан алтыншы орынға түсіп қалды. Әкім айдың басында арнайы жұмыс бабымен ауданға қарасты халықты сумен қамтамасыз ететін бірқатар нысандардың сумен жабдықтау желілерінің жөндеу, жаңарту жұмыстарымен танысып қайтқан. Бүгінде елді мекендерді ауызсумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылуда. Бесқарағай ауданындағы 28 елді мекенінің 24-і, немесе 86 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Әкім Бесқарағай ауылын сумен жабдықтаудың екінші кезеңіне 242,7 млн. теңге бөлінгенін жасырмай жазды. Бесқарағай шағын футбол алаңдары салынып жатқанын көрдік. Әкім қазіргі уақытта үш алаңның құрылысы жүргізіліп жатқанын көрдік. Сонымен қатар, Малая-Владмировка ауылында футбол алаңы ашылып, шағын бокс үйірмесіне арналған орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауданға қарасты 4 елді мекенде сомасы – 1,0 млрд. теңгеге 4 дәрігерлік амбулатория салыну сатысында. Қолға алынған бұл нысандардың бүгінгі жағдайы күн артқан сайын қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні медициналық амбулаториялық пункттердің іргетасы құйылып, қабырғалары бой көтеруде. Бесқарағай ауданына Премьер-Министр Олжас Бектенов сапармен барды. Ол «Семей орманындағы» өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмыстарын тексеріп, орман ағаштарын заңсыз кесуге қарсы күресті күшейтуді тапсырды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
7. Қойгельдин Дәурен Бақытжанұлы – Мақаншы ауданының әкімі.
Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Бақытжанұлы шілде айының әкімдер рейтингінде 670,1 баллмен жетінші орынға төмендеді. Естеріңізде болса, өткен маусым айының рейтингінде жас ауданның жас әкімі бірден үздік үштік қатарына іліккен болатын. Бұл айда әкім белсенділігін екі есе төмендедіп алды. Дегенмен бұл айда ауданда бірқатар жұмыстар атқарылған. Мысалы, айдың екінші күнінде Алакөл жағалауында болып, рұқсат етілмеген орында сауда жасап тұрған кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сауда жасауға арналған арнайы орындарды ұсынды. Жергілікті полиция қызметкерлеріне қолданыстағы заңнама аясында кәсіпкерлерге ескерту жасап, заңсыз сауда жасауға тыйым салу жөнінде тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Алакөл жағалауында Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қатысуымен жиын және әкімдік ғимаратында шағын аппараттық отырыс өткізілген. Жиын барысында әкім Алакөл жағалауының санитарлық тазалығы, қоғамдық тәртіпті қадағалау, рұқсат етілмеген орындарда заңсыз сауда-саттық жүргізу мәселелерін қарастырғанын жазды. Қабанбай ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясында туристтердің жеке бас қауіпсіздігі, дене жарақаттары мен тамақтан улану сынды фактілерінің алдын-алу мақсатында дәрігерлермен кездесіп, туристерге медициналық көмек көрсету сапасын жетілдіру және жоғарыда аталған денсаулық сақтау мәселелерін бақылауға алуды тапсырған.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Мақаншы ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
8. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.
Абай ауданының әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы шілде айында 646,6 баллмен рейтингте сегізінші орынға жайғасты. Әкім 17 шілде орынбасарларын ертіп, ауыл көшелерін аралап қайтқан. Мамай көшесінде көп қабатты тұрғын үй алдына салынып жатқан балалар ойын алаңының жұмыс барысын көріп, сапасын арттыруды, М. Әуезов көшесі бойындағы балалар саябағын қайта қалпына келтіру жұмыстары баяу жүріп жатқандығын сыңға алып, апта соңында дейін аяқтап, іске қосуды тиісті сала, мекеме басшыларына тапсырғанын және Бекбосынов көшесіндегі кіші футбол алаңының жай күйімен танысып, сыңған орындықтар мен қоршауларын қалпына келтіру, көгалды тегістеу жұмыстарын тапсырмаға сай берілген уақыт ішінде орындап, алаңды іске қосу керектігін жеткізгенін жазды. Сонымен қатар, Қарауыл ауылында қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын жерлерге 50 дана «Dahua» бейнебақылау құрылғылары орнатылып, іске қосқанын көрдік. Жаздың бел ортасына келседе Тәуелсіздік алаңы мен Абай саябағы қараусыз қалған. Арам шөп басқан саябақты тазалауға республикалық экологиялық акция себеп болған.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
9. Руслан Ерланұлы Базарбаев – Жаңасемей ауданының әкімі
Руслан Ерланұлы Базарбаев 505,5 баллмен шілде айының рейтингісінде тоғызыншы орынға жайғасты. Аудан әкімі өз парақшасын жүргізуді біртіндеп қолға ала бастады. 2 шілде аудандық мәслихаттың кезектен тыс сегізінші сессиясы өткенін салған. Сессия жұмысына мәслихат төрағасы, депутаттар, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат жетекшісі қатысқан. 4 шілде Достық ауылына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Рақымжанов барып, халықпен кездескен. Руслан Ерланұлы 11 шілде күні жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновты қарсы алып, тұрғындармен кездестірген. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өтінішітері мен ұсыныстары тыңдалып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Шілде айынның соңғы жазбасы 23 шілде күні салынған. Онда әкім Шаған кенті мен Шақаман, Озерки, және Мұқыр ауылдарына жұмыс сапарымен барып, көп балалы және әлеуметтік осал отбасыларға арналып жаңадан салынып жатқан жеке тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексергенін жазды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жаңасемей ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
10. Сатпеков Сәкен Әлмұхамбетұлы - Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы. Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Әлмұхамбетұлы 360,9 баллмен рейтингтің сегізінші орнына тұрақтады. Жарма ауданында «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында өзінің жобасын ойдағыдай қорғап, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қайтарымсыз грант иегері атанған жанның бірі Қалбатау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Анар Сатканбаева аудан орталығынан «Ісмер» атты өзінің тігін шеберханасын ашқан. Ауылды жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында Республикалық бюджеттен Белтерек ауылында медициналық пункті салуға қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігер ретінде «Алау» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сакен Сатпеков, аудан әкімінің орынбасары Берік Самежанов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Рауан Баилов Жаңғызтөбе кентіне қарасты Шуақ ауылында болып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй секторын жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықтың жай-күйімен танысты.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданының әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
11. Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров - Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы.
Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Кәдірбекұлы 193,3 баллмен он бірінші орынға жайғасты. Бал санына сәйкес, Ерсін Кәдірбекұлын аудан әкімдігінің парақшасына салынған жазбалардан атқарылған жұмыстың аз екенін байқадық. 4 шілде «Мәңгілік Ел» саябағындағы Бәйтеректің сырт пішінін жөндеу жұмыстарын баяу әрі салғырт атқарып жатқан мердігер «Интерстройсоюз» ЖШС өкіліне сын ескертпелер айтып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды талап еткен жазбаны көрдік. Астана күні мерекесі аясында Ақсуат ауылында аудан бюджетінен бөлінген қаражатқа аудан орталығының «Көкжайдақ» және «ПМК» ықшам ауданынан салынған балалар ойын алаңы ресми түрде қолданысқа берілді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушысына ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
12. Теміржанов Марат Қапарұлы - Көкпекті ауданы әкімінің міндетін атқарушы.
Теміржанов Марат Қапарұлы 164,9 баллмен көш соңына тұрақтады. Марат Теміржановтың төрағалығымен айдың басында ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік мекемелер басшылары, партия және БАҚ өкілдерінің қатысуымен әкімдік отырысы өтті. Аудан бойынша қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган отырысы өткен. Жалпы, бірқатар жұмыстар атқарылған. Бірақ, аудан әкімдігінің парақшасында белсенділік өте төмен. Тұрғындар әкімдік парақшанының бар екендігін білмейтін сияқты. 5 тамыз ҚР Президенті Әкімшілігінің және Көкпекті аудандық мәслихатының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен Көкпекті ауданына жаңа әкім Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы тағайындалды. Алдағы уақытта, жаңа әкім жеке парақшасын ашып, үздіктер қатарына қосыларына тілектеспіз.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.