Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесі берілмек
Курчатов қаласында ғылым қалашығын құру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аталған бастама қаланың ғылыми әлеуетін арттыруға және атом энергетикасы саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімі Болат Әбдірәлиев мәлімдеді.
2025 жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің отырысында Курчатовта ғылыми қалашық құру туралы тапсырма берген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында атом электр станциясын салу перспективасын, ядролық медицина мен инфрақұрылымды дамыту қажеттігін ескере отырып, Курчатов қаласының егжей-тегжейлі даму жоспарын әзірлеуді міндеттеген.
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 2026–2035 жылдарға арналған ғылымды қажетсінетін аумақтарды құру мен дамыту тұжырымдамасы бекітілген. Сонымен қатар Курчатов қаласында ғылым қалашығын дамыту тұжырымдамасының жобасы мен даму жоспары әзірленген.