Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қайырымдылық Вена балы өтті
Өнер мен қайырымдылықты ұштастырған кеш екі ай бойы ұйымдастырылған игі бастамалардың қорытындысына айналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қолдауға мұқтаж балаларға көмек көрсету және өскелең ұрпақ бойында әлеуметтік әрі азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Кеште мектеп директоры Ербол Қайнарбаев іс-шараның маңызына тоқталып, оған үлес қосқан ұстаздарға, ата-аналарға, оқушыларға және мектеп қауымдастығының барша мүшесіне ризашылығын білдірді.
Балдың негізгі бөлімдерінің бірі – қайырымдылық аукционы. Аукционда мектептегі «Шебер» үйірмесінің ұстаздары мен оқушыларының қолынан шыққан өнер туындылары саудаға түсті. Көпшілік назарына ұсынылған қолөнер туындылары қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, олардың белсенді қолдауына ие болды. Жиналған барлық қаражат қайырымдылыққа жұмсалмақ.
Биылғы вальстің әуезді ырғағында 80-ге жуық жұп би билеп, классикалық бидің озық үлгілерін көрсетті. Арулар мен сырбаз бозбалалар ырғақты билерімен, әуезді музыкалық қойылымдарымен көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қайырымдылық бастамаларының нәтижесінде ерекше қажеттіліктері бар үш балаға қаржылай көмек көрсетілді. Алдағы уақытта игі істің жалғасы ретінде Жаңа жыл қарсаңында тағы екі отбасыға көмек көрсету жоспарланып отыр.


