Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

2030 жылға қарай еліміздің орман алқабын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар

8-10-2024, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында ҚР Президентінің мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады.

Министрдің мәліметінше, кейінгі жылдары қолға алынған шаралардың арқасында еліміздің орманды аумағының көлемі 5%-ға дейін артып, 267 мың гектарға ұлғайған.

Орманды сақтап қалу мақсатында орман қорғау мекемелерін өртке қарсы техникамен жабдықтау, орман шаруашылығындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау (тәуекелдер үшін 100% үстемақы төлемі) бойынша бірқатар шара қабылданды.

«Былтыр республикалық және жергілікті бюджеттерден 15,9 млрд теңгеге 526 бірлік өртке қарсы және күзет техникасы сатып алынған болса, биыл еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 52 млрд теңге бөлініп, 1384 бірлік өртке қарсы техника және 921 тіркеме жабдықтар сатып алынды, оның ішінде 40 млрд теңге лизинг есебінен бөлінді», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, аталған шаралар еліміздегі орман өрті жиі болатын өңірлердегі орман қорғау мекемелерін 100%-ға дейін жарақтандыруға мүмкіндік береді.

«Мүдделі органдардың бірігіп жедел әрекет жасауының арқасында орташа алғанда бір орман өрті алаңын былтырғы 97 гектардан биыл 64,5 гектарға дейін қысқартуға қол жеткізілді. Бұл ретте Семей және Ертіс орманы резерватындағы бір өрттің алаңы орташа 340 гектардан 0,2 гектарға дейін қысқарды. Бұған қоса, мемлекеттік орман қорының 961 мың гектары өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Келесі жылы осындай жүйе 3,1 млрд теңгеге "Семей орманы" резерватында орнатылады», — деді спикер.

Министрліктің және әкімдіктердің қарамағындағы жиі өрт шығатын 12 мекеме лизингті қаржыландыру есебінен 24 млрд теңге көлемінде өртті ерте анықтау жүйесімен жабдықталады.

Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, кейінгі төрт жыл ішінде 651 мың гектар алаңда, атап айтқанда, Арал теңізінің құрғаған табанында 413 мың гектарға ағаш отырғызу жұмысы жүргізілді. Ал еліміз бойынша жалпы 975 млн түп көшет отырғызылған.

Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарының аясында кейінгі төрт жыл ішінде 12 млн түп көшет, оның ішінде биыл «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде 300 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Бұл тұрғыда ағаш отырғызу көлемін арттыру шаралары орман тәлімбақтарын дамытуға да зор ықпал етіп отыр. Кейінгі 4 жыл ішінде 1300 гектар жердегі орман тәлімбақтарына реконструкция жасалып, жаңа тәлімбақтар дайындалды.

«Отырғызылған көшеттердің жерсініп кетуі бойынша алынған деректер қолдағы бар орман тәлімбақтарының жеткіліксіз екенін, ал оларды өсіру технологиясы ескіргенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты еліміз бойынша жалпы алаңы 1 176 гектарды құрайтын қосымша 114 жаңа тәлімбақ салып, 1 орман тәлімбағын реконструкциялау қажет. Облыс әкімдіктері тәлімбақтарды реконструкциялауға және жабдықтауға биылдан бастап 1 млрд теңгеден астам қаржы бөле бастады», — деді Е. Нысанбаев.

Экология және табиғи ресурстар министрі баяндамасында еліміздің мемлекеттік орман қорында 5,2 млн гектар шамасында орман отырғызуға болатын жер барын айтты. 

«Облыс әкімдіктері орман отырғызуға жарамды топырақ іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сол бойынша тиісті жұмыс жобаларын әзірлеу керек. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды және еліміздің орманды жерлерінің аумағын ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Аталған жұмыс Министрліктің бақылауында болады», — деп атап өтті ол. 

Сонымен қатар әкімдіктер 650 млн-нан астам егетін материалды қайта өңдеу, сақтау, өсіру үшін 735,9 тонна өсімдік тұқымын жинау шараларын қабылдауы қажет. 

«Бұл өте ауқымды жұмыс, сондықтан әкімдіктер бұл жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс. "Семей орманы" резерватында екпе материалы швед технологиясы бойынша тамыры жабық күйінде өсірілетіні баршаңызға белгілі. Бұл әдісті қолдану көшеттің өсу мерзімін екі жылдан бір жылға дейін қысқартып, олардың жерсінуін 90%-ға дейін арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “Семей орманы” резерватындағы қолданылып отырған тәжірибені жиі орман өрті тіркелетін алты өңірде кеңінен таратуды ұсынамыз», — деді министр.

Министрлік бірқатар жаңа бастаманы қолға алып отыр, олардың бірі – көміртекті сіңіруге бағытталған офсеттік жобаларды жүзеге асыру. Еліміздің осы бағыттағы әлеуеті жоғары.

Бүгінде Швейцарияның маркетинг компаниясы Ақмола облысында пилоттық офсетті жобаны іске асыра бастады. Аталған жоба бойынша 14,5 мың гектар алаңға ағаш отырғызу көзделіп отыр. Сондай-ақ әлемнің Марубени, Митсубиши, ДжиПиЭй Компани және тағы басқа да ірі компаниялары елімізде орман екпелерін өсіруге қызығушылық танытуда.

«Министрлік тарапынан офсетті жобаларды мемлекеттік орман қоры аумағында іске асыру мүмкіндігін қарастыру бойынша заңнамаға түзетулер әзірленіп, Парламент Мәжілісіне қарауға енгізілді. Бұл инвесторлардың қаражаты есебінен ағаш отырғызу жұмысына жаңа қарқын береді. Тағы да бір маңызды мәселе – Аралдың суы тартылған жерлерінде орман мелиорациясы жұмыстарын жүргізу», — деп мәлімдеді Ерлан Нысанбаев. 

Оның айтуынша, елімізде Арал теңізінде орман мелиорациясы жұмыстарын ғылыми зерттеу бойынша отыз жылдық тәжірибе жинақталып, бекітілді. Кейінгі жылдары Арал теңізінің суы тартылған 600 мың гектардан астам жеріне, соның ішінде төрт жылда шамамен 413 мың гектар жерге орман мелиорациясы жұмыстары жүргізілген.

Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру жұмыстарының сапасын арттыру және осы жұмыстарды ғылыми тұрғыда сүйемелдеу үшін Министрлік Қызылорда қаласында Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының филиалын ашу бойынша іс-шараларды бастады.

Сондай-ақ Аралдың суы тартылған жерлерінде жаңа орман тәлімбағын құру жұмысы басталды. Осы тәлімбақта отырғызылатын ағаштар сол жердің жағдайына барынша бейімделеді.

«15 гектар алаң жер телімі таңдап алынып, тереңдігі 450 метр ұңғыма қазылды, тиісті жобалық құжаттама әзірленуде. Бұған қоса Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен Қазалы қаласында 33 гектарға орман тәлімбағы салынды. Тәлімбақ жылына 3 млн түп сексеуіл көшетін береді», — деді министр.

Сонымен қатар ормандардың, атап айтқанда, сексеуіл тоғайларының санитариялық жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр. Мәселен, Өсімдіктерді қорғау және карантин институтының зерттеулеріне сәйкес, зерттелген сексеуіл тұқымының 30%-дан астамы патогендермен зақымданған, бұл олардың өніп шығуын 90%-ға дейін төмендетеді.

Министрдің айтуынша, жалпы ормандарды, сексеуілдің жас көшеттерін сондай-ақ тұқымдарды зарарсыздандыру шараларын қабылдау үшін жылына 250 млн теңге көлемінде қосымша қаржыландыру талап етіледі. Аталған мәселелер бойынша оң шешім қабылданған жағдайда 2030 жылы жалпы еліміздің орманды алқабын 14,5 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар Министрлік биыл бірқатар өңірде орман шаруашылығы жұмыстарына тексеру жүргізген.

«Тексеру барысында Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Қарағанды облыстарында алаңдардың жобаға сәйкес келмеуі фактілері анықталды. Көшет отырғызуда жұмыс жоспарларының схемалары бұзылған, орман екпелері жағдайының нашар екені белгілі болды. Тексерулер қорытындысы бойынша тиісті материалдар облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарына жіберілді», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Қазіргі таңда Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында тексерулер жалғасуда.

«Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, еліміздің орманды алқаптарының көлемін арттыру және елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын жалғастырады», — деп түйіндеді баяндамасын Ерлан Нысанбаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив