Семейдегі «Заря» жағажайы жаңа кейіпке енеді
Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында сол жағалаудағы «Заря» жағажайына барып, қазіргі жай-күйімен танысты.
Семейде жазда тұрғындар жиі баратын үш негізгі жағажай бар. Олар – «Заря», «Затон» және «Пристань» жағажайлары. Бұл демалыс орындары халық арасында сұранысқа ие болғанымен инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілмеген.
Қала әкімі Әділет Қожанбаев аймақ басшысына шаһардағы жағажайларды абаттандыру және шомылу маусымына дайындық аясында жоспарланып отырған шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
«Заря» жағажайына 2 құтқару мұнарасы, 40 шезлонг, 20 дана күннен қорғайтын қолшатыр, 5 биодәретхана, 4 киім ауыстыратын орын, қауіпсіз шомылуға арналған шектеу буйкалары қойылады. Сондай-ақ, 1 медициналық пункт жұмыс істейді.
Сонымен қатар, жағажай аумағында күзет қызметі мен сауда нүктелері ұйымдастырылады. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 20 орындық, күнқағарлар мен қолшатырлар орналастырылады. Бұдан бөлек жағалау аумағын тазарту және тегістеу, санитарлық жағдайды жақсарту, қоқысқа арналған урналар мен контейнерлер қою және маусым бойы жағажайларға тұрақты қызмет көрсету шаралары ұйымдастырылады.
Жағажайды жаңғырту жобасымен танысқан облыс әкімі қала әкімі мен жауапты мекемелерге қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жағажайларды уақтылы іске қосуды тапсырды.










