Сенатта өсімдіктер әлемін қорғау және биоалуандықты сақтау шаралары талқыланды
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары өсімдіктер дүниесін қорғау және олардың биоалуандығын сақтау мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесу өткізді. Қатысушылар экожүйелердің жағдайына әсер ететін қауіптердің алдын алуға орай мемлекеттік органдардың ағымдағы жұмысы мен күш-жігерін талқылады.
Комитет төрағасы Әли Бектаев өсімдіктер дүниесін қорғау және биоалуандықты сақтау табиғат қорғау жүйесінің негізгі бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, экожүйелердің тұрақтылығы, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және еліміздің экологиялық қауіпсіздігі осыған тікелей байланысты. Ол 2023 жылы қабылданған «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң мемлекеттің экологиялық саясатын нығайтудағы маңызды қадам болғанын жеткізді.
«Парламент екі жыл бұрын қабылдаған «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң өсімдік ресурстарын қорғау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану ұғымдары мен тетіктерін алғаш рет жүйелі түрде белгіледі. Мемлекет соның арқасында соңғы жылдары өсімдіктер дүниесін қорғау және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда», - деді Әли Бектаев.
Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Нұркен Шәрбиев өз кезегінде өсімдіктер дүниесін қорғау және биоалуандықты сақтауға орай қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Оның айтуынша, республика аумағында тамыры жоғары өсетін өсімдіктердің 6000-ға жуық түрі, сондай-ақ будандастырылған, өсірілген және кездейсоқ әкелінген 500-ден астам тұқымдас өсімдіктер өседі. Қазақстанда сонымен қатар 600-ден астам сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік түрлері бар, олардың 387-сі Қызыл кітапқа енгізілген.
Кездесуде ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы жердің тозуына, климаттың өзгеруіне және қауіпті зиянкестердің, соның ішінде шегірткелердің шабуылына байланысты өсімдіктер дүниесі қатты дағдарысқа ұшырағанын атап өтті. Ол қауіптерді тиімді тежеуге мемлекеттік шаралар мүмкіндік беретініне тоқталды: биыл 2,7 млн га өңделді, бұл ретте уақтылы мониторинг пен жұмысты үйлестірудің арқасында өңдеу көлемі дәйекті түрде төмендейді.
Шараға қаржы және ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дәрілік шөптерді дайындау және әзірлеу саласындағы кәсіпкерлер, сондай-ақ мәслихат депутаттары қатысты.