Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Мемлекеттік қызметтегі заңнамалық өзгерістер

25-04-2023, 14:50 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаевтың "AIQYN" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жарияланған мақаласы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттардың бірі ретінде алға қойған болатын.

Біз үшін басым міндет – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.

Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіруді және одан «шығуды» жеңілдету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту шараларын қамтиды. Мұны жүзеге асыру үшін біз тиісті заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Нәтижесінде, соңғы бір жылдың көлемінде мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша 4 Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.

 Былтыр шілде айында, Цифрлық даму министрлігімен бірге әзірленген Цифрландыруды дамыту туралы Заң қабылданып, талдау және мониторингтеу негізінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде бұзушылықтардың алдын алуға және қызмет алушының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеу функциясы Агенттікке берілді. Осылайша, өткен жылдың өзінде 46 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ең жиі кездесетіндер – қызмет көрсету мерзімін және тәртібін бұзу, артық құжаттарды сұрату, қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту.

Бұған қоса, өткен жылдың қараша айында аудан әкімдерін сайлау жөнінде Заң қабылданды. Сәйкесінеше, биылғы жылдан бастап, пилоттық режимде кейбір аудан әкімдерінің тікелей халықпен сайланатыны ескеріліп, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Онда  сайланатын әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылды. Сайланған әкімдерге «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы алынып тасталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, былтыр желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғарғы көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Бұған қоса «Б» корпусының жоғары лауазымдарына Агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл толықтырулар күшіне енгеннен  бастап, Агенттікпен осындай 38 тағайындау келісілді.

Заңнамаға енгізілген өзге де толықтыруларға сәйкес, бұдан былай екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістердің басым бөлігі биылғы жылдың 20 наурызында қабылданған  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңында  көрініс тапқанын айта кету керек. Осы заңдағы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, отандық заңнамаға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді. «Келісімшарттық қызметшілер» мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Олар салалық жобаларды іске асыру үшін тартылатын болады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ережелер мен талаптар тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді.

Заңнамадағы жаңашылықтардың бірі – өңірге барып жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем енгізіліп отыр. Қолданыстағы Заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда, қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келуде. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Ротациялық төлемді енгізу үшін Республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажетті қаржы бөлу мәселесін мақұлдағанын айта кету керек.

Заңнамаға енгізілген басқа да өзгеріске сәйкес – мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыреті Агенттікке беріліп отыр. Уақыт көрсеткендей, кешегі пандемия және жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтықтан жұмыс жасау, сонымен қатар икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осы мәселе бойынша жалпы қажетті нормалар 2021 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне де енгізілген болатын. Алайда, мемлекеттік аппараттың ерекшелігін ескеріп, мемлекеттік қызметте бұл мәселелер нақты және егжей-тегжейлі реттелуі тиіс болғандықтан, енді мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесінің тәртібі Агенттіктің тиісті бұйрығымен белгіленетін болады.

Осы айтылғандармен қатар, Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін, міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс деген талап алынып тасталды. Бірақ, Академия түлегінің жалпы мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс өтеуіне қатысты талап сақталады.

Қолданыстағы заңнамаға енгізілген толықтырулардың  бірі – мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеуге қатысты. Бұған дейін, әр мемлекеттік орган өз штат кестесін өзі бекітетін. Осыған орай, басшылар мен орындаушылар саны реттелмей келген еді. Нәтижесінде, бір басшыға кейде 1 немесе 2 орындаушыдан ғана келетін жағдайлар кездесетін. Ал енді кейде, кейбір органдарда басшылар саны тіпті орындаушылардан да асып кету фактілері орын алатын. Бұдан былай, мұндай олқылықтарды болдырмау үшін басшылар мен орындаушылар саны Агенттіктің бұйрығымен реттелетін болады.

Келесі өзгеріс жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту құзыретін Агенттікке беруге қатысты. Қалыптасқан жағдай бойынша мемлекеттік қызметшінің жалақысы  оның жұмыс өтіліне байланысты. Осылайша, қазіргі кезде Үкімет қаулысымен тиісті жұмыс өтілін есептеу тәртібі бекітілген. Үкіметтен құзыреттерді орталық органдарға беру саясаты аясында аталған тәртіпті бекіту құзыреті Агенттікке берілді.

Заңнамадағы келесі жаңашылдықтардың  бірі –  саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босатуға байланысты. Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен. Енді, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай босату туралы шешім тек Мемлекет басшысымен ғана қабылданатын болады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Мәселен, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания, Германия, Испания, Ирландия елдерінде мұндай тәжірибе қолданылатынын айта кету керек.

Осы айтылғандармен қатар, заңнамаға  мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыруға қатысты түзетулер енгізіліп отыр. Аталған түзету
1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы Агенттік құзыреті ретінде бекітілді.

Енгізілген түзетулердің тағы бірі –  мемлекеттік қызметшілердің еңбек ақысы саласындағы актілерді Агенттікпен келісуге қатысты болып отыр. Қолданыстағы Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы жүйесін және оларға сыйақы төлеу тәртібін Үкімет бекітеді. Оны әзірлейтін – Ұлттық экономика министрлігі. Бұдан былай, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру бойынша бірыңғай саясатты ұстану мақсатында, еңбекақы саласындағы актілер міндетті түрде Агенттікпен келісілетін болады.

Мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың қысқаша реті осындай.

Агенттік алдағы уақытта Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу, оның ішінде кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, меритократия қағидаттарын ілгерілету, мемлекеттік қызметке қабылдау мен іріктеуді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстарды жүргізетін болады.

Дереккөз: Айқын газеті

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив