Еңбек министрлігінде Астанадағы арнаулы әлеуметтік қызметтер мәселелері бойынша ҮЕҰ-мен жұмыс кездесуі өтті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен Астана қаласы әкімдігінің өкілдерімен және елордалық үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен жұмыс кездесуі өтті. Күн тәртібінің негізгі тақырыбы арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету кезінде тариф белгілеу және жаңа қаржыландыру тетіктерін енгізу мәселелері болды.
Диалог барысында қатысушылар елорданың әлеуметтік қызметтер нарығындағы ағымдағы жағдайды, жаңа лицензиялық талаптарды орындау мәселелерін және үйде әрі жартылай стационар жағдайында қызмет көрсету кезінде ҮЕҰ-да туындайтын қиындықтарды талқылады.
Жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша министр Асқарбек Ертаев бірқатар жүйелі шешімдерді жариялады. Елордалық ұйымдардың үздіксіз және сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында үйде және жартылай стационарда қызмет көрсетуді ұштастыруға мүмкіндік беретін АӘҚ көрсетудің «аралас» форматы бойынша пилоттық жобаның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл тетік қазіргі уақытта тек Астана қаласының аумағында ғана пилоттық режимде іске асырылуда.
Қол жеткізілген уағдаластықтарды нормативтік тұрғыдан бекіту үшін ведомствоның бейінді департаменттеріне Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қағидаларын пысықтау тапсырылды, ҮЕҰ және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп нормативтік базаны өзгерту, сондай-ақ тиісті тарифтерді бекіту бойынша нақты ұсыныстар дайындап, енгізуі тиіс.
Бұдан бөлек Астана қаласының әкімдігіне үкіметтік емес сектор тартатын мамандардың еңбекақысын төлеудің барабар деңгейін қамтамасыз ету үшін жартылай стационар нысандарының тарифтерін сақтау ұсынылды.