Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
479.02 551.11 5.82

Олжас Бектенов «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің отырысын өткізді: 2025 жылы экономиканы қолдау көлемі екі есеге өсті

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, оның барысында 2025 жылғы инвестициялық саясатты орындау қорытындылары, сондай-ақ экономиканың басым бағыттарын одан әрі қаржыландыру мәселелері қаралды.

Отырысты ашқан Премьер-министр Директорлар кеңесінің мүшелерін және шақырылғандарды Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтап, оқиғаның тарихи маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан өзінің саяси, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің барлығымызды еліміздің Ата заңында орныққан қағидаттарды, нормалар мен постулаттарды жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыстар күтіп тұр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің мәліметінше, 2025 жылы еншілес ұйымдар арқылы экономиканың шикізаттық емес салаларын қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгені құрады, бұл алдыңғы жылғы деңгейден 96%-ға жоғары. 7,1 трлн теңге сомасындағы қолдау шамамен 75 мыңға компания мен ұйымдарға көрсетілді. Холдингтің көмегіне ие болған кәсіпорындардың экспорт көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе көп.

Жиында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға баса назар аударылды. 2025 жылы АӨК-ті қаржыландыру 1,4 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға артты. Холдингтің көмегімен 11,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Холдинг қызметінің нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысының Ақмола облысындағы егін жинау науқаны мәселелері жөніндегі жиында берген тапсырмасын орындау шеңберінде 2026 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру бойынша жұмыс жалғасуда. Директорлар кеңесі «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін 300 млрд теңгеге дейін облигациялар шығаруды мақұлдады. Сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасының лизингін 150 млрд теңгеге дейін қаржыландыру ҚазАгроҚаржы арқылы және әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрған азаматтар үшін 100 млрд теңгеге дейін ипотекалық несиелеуді Отбасы банк арқылы жүзеге асыру мақұлданды.

2026 жылы «Бәйтерек» холдингі экономика салаларын қолдауға 8 трлн теңгеге дейін бағыттауды жоспарлап отыр. Басым бағыттардың қатарында өнеркәсіп пен инфрақұрылымды қаржыландыру, агросекторды қолдау, экспортты дамыту және халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бар.

Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың нақты секторын қолдауды одан әрі күшейтудің, шикізаттық емес салаларды дамытудың және Холдинг құралдарының тиімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша 2025 жылғы IV тоқсанға арналған тәуекелдер бойынша консолидациялық есеп, корпоративтік басқаруды жетілдіру іс-шаралары жоспарын орындау нәтижелері және 2025 жылға арналған Директорлар кеңесінің қызметін бағалау нәтижелері де мақұлданды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив