Сенаторлар фитосанитария қызметін дамытуды және агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін талқылады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевтың төрағалық етуімен салалық министрліктердің, «Атамекен» ҰКП және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесу өтті. Күн тәртібінде фитосанитария қызметін жетілдіру, өсімдіктерді қорғау және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері қаралды.
Қатысушылар карантиндік фитосанитариялық бақылауды нығайту, зертханалық инфрақұрылымды жаңғырту, ПТР-жабдықтармен қамтамасыз ету және өткізу пункттеріндегі зертханалар желісін кеңейту шараларын талқылады. Сондай-ақ кадрмен қамтамасыз ету және мекемеаралық іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Шегіртке тектес зиянкестердің таралуына қарсы іс-қимылға және бақылау процестерін цифрландыруға ерекше назар аударылды.
«Фитосанитария қызметін дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен және аграрлық сектордың тұрақтылығымен тікелей байланысты. Бақылауды дәйекті түрде күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту және осыған қатысты барлық органдардың, оның ішінде отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі міндеттерді ескере отырып, тиімді өзара іс-қимыл жүйесін құру қажет», - деп атап өтті Әли Бектаев.
Кездесуде сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы саудасы мәселелері қозғалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы тауар айналымы 14,3 млрд АҚШ долларын құрағаны, сондай-ақ астық пен қайта өңдеу өнімдерін қоса алғанда, негізгі позициялар бойынша экспорттың өскені атап өтілді.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өз кезегінде карантиндік нысандардың таралу алаңдарының азаюының оң қозғалысы мен бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы айтып берді.
Ал сауда және интеграция министрінің орынбасары Жанель Кушукова ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында қауіпсіз карантинге жатқызылған өнімдердің еркін қозғалысы үшін фитосанитария саласын реттейтін 20-ға жуық нормативтік құқықтық акт қабылданғанын хабарлады.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіруге және осы салада қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірледі.