Абай облысында әлеуметтік қолдау күшейіп, қызметтер цифрландырылып жатыр
Абай облысында халықты әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Әсіресе, медициналық-әлеуметтік сараптаманы дамыту, қызметтердің қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік бақылауды күшейтуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаментінің басшысы Анар Ерембаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады, олардың 88 пайыздан астамы – ересектер. 2025 жылы мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау шараларын айқындау бойынша мемлекеттік қызметтерді 8 мыңнан астам адам алған. Қызметтің едәуір бөлігі сырттай-проактивті форматта көрсетілген. Бұл тәжірибе 2026 жылы да кеңейтіліп жатыр.
Сонымен қатар өңірде бастапқы мүгедектік деңгейінің төмендеуі байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 27,3 болып, өткен жылдармен салыстырғанда төмендеген. Ересектер арасында мүгедектікке әкелетін негізгі себептер – онкологиялық аурулар, қан айналымы жүйесінің сырқаттары және психикалық бұзылыстар. Ал балалар арасында психикалық ауытқулар мен туа біткен патологиялар алдыңғы орында.
Жүйе тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – оңалту шараларының нәтижелілігі. Толық оңалту көрсеткіші республикалық деңгейден асып, мүгедектіктің асқыну деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен төмен қалыптасты. Жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы іс жүзінде толық қамтамасыз етіліп, 2025 жылы бұл көрсеткіш 98,2 пайызға жетті.
Мүгедектігі бар адамдарға қолдауға қомақты қаражат бөлінеді. Өткен жылы бұл мақсаттарға 3,2 млрд теңге бағытталды. Қаражат техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге, мамандар қызметіне, санаторий-курорттық емдеуге және өзге де әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалды.
Сондай-ақ жаңа тәсілдерді енгізуге баса назар аударылады. Атап айтқанда, бірқатар нозология бойынша жеделдетілген сырттай-проактивті куәландырудың пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жағдайда шешімдер бір күн ішінде қабылданады.
Қызмет көрсету сапасына бақылау да күшейтіледі. 2025 жылы 44 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 1,9 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Олардың басым бөлігі оңалту шараларын іске асыру мен қызметтердің қолжетімділігіне қатысты. 2026 жылдың басынан бері 15 тексеру өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша нұсқамалар беріліп, айыппұлдар салынған.
2025 жылдан бастап Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді. Абай облысында тиісті лицензияларды 27 ұйым алып, олар 5 мыңға жуық қызмет алушыға қызмет көрсетіп келеді.
Жалпы алғанда, бұл шаралар жүйенің ашықтығын арттыруға, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.