Аяқсыз қалған жобаларға құқықтық баға берілуі тиіс
«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері мен жауапты мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде Семей қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының қазіргі жағдайы және партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Қатысушылар аталған бағыттағы жұмыстарды саралап, олардың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Жиында Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев, Абай облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Медет Татенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабаев және Семей қалалық мәслихатының төрағасы Еркен Сағындықов атқарылған жұмыстар мен жол картасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар туралы баяндама жасады.
Кеңес барысында ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес мүшесі Думан Кенжеғазыұлы өз сөзінде өзектілігін жоғалтқан, басталғанымен аяқсыз қалған жобалардың барлығына құқықтық баға берілуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте, жауапсыздыққа жол бермеу және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, кеңес мүшесі Светлана Лобода атқарылып жатқан жобалар мен процестерді цифрлық форматқа көшіру арқылы ашықтықты күшейту және бақылауды жүйелеу жөнінде ұсыныс білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, алдағы кезеңге нақты міндеттер айқындалды.










