Көлік министрлігінде цифрлық трансформация мәселелері бойынша дәріс өтті
Көлік министрлігінде қызметкерлер мен ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері үшін Цифрлық үкіметті қолдау орталығының қатысуымен цифрлық трансформация мәселелері бойынша дәріс өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысының Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекет ретінде қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жүйелі жұмыстың аясында ұйымдастырылды. Цифрлық трансформация стратегиялық дамудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылып, экономиканың және қоғамның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады.
Дәріс барысында қатысушыларға көлік саласының цифрлық трансформация картасы таныстырылды. Бұл – деректерге негізделген басқаруға көшу, автоматтандыру және барлық бағыттарда цифрлық процестерді енгізуді көздейтін кешенді стратегиялық құжат. Құжат автомобиль, теміржол, әуе және су көлігі, сондай-ақ логистика мен автожол салаларын қамтиды.
Функциялар мен бизнес-процестерді түбегейлі қайта құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Цифрлық үкіметті қолдау орталығының өкілдері озық технологияларды енгізу ішкі рәсімдерді терең жаңғыртумен қатар жүруі тиіс екенін, бұл бюрократиялық кедергілерді азайтып, тиімділікті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Талқылаудың негізгі тақырыбы «Цифрлық министрлік» тұжырымдамасы болды. Бұл – ведомство жұмысының жаңа моделі, ол ведомствоаралық интеграцияға және талдау мен басқарушылық шешімдер қабылдауда жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануға негізделген.
Көлік министрлігі салалық сервистерді толық цифрлық форматқа көшіру, олардың азаматтар мен бизнес үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің зияткерлік көлік жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.
Аталған дәріс цифрлық сауаттылықты арттыруға және ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруға қатысушылар арасында саланың болашағына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыруға маңызды қадам болды.