Облыс әкімі абайтанушы Арап Еспенбетовпен кездесті
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Абай облысының Құрметті азаматы, Шәкәрім университетінің профессоры Арап Еспенбетовпен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің тарихы мен мәдениетіне, әдебиеті мен руханиятына қатысты мәселелер талқыланды. Арап Еспенбетов облыстың рухани-мәдени әлеуетін арттыруға, Абай Құнанбайұлы, алаш қайраткерлері мұраларын кеңінен дәріптеуге байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Аймақ басшысы өңірдің рухани дамуына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің еңбегін жоғары бағалап, олардың тәжірибесі мен білімі жастар үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, мәдениет пен ғылым саласындағы бастамаларды қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Кездесуде айтылған ұсыныстар мен бастамалардың назарға алынатынын айтты.
Берік Уәли кездесуде өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай тұңғыш рет 10 күндік ретінде аталып өткен Абайдың 180 жылдығы аясында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының 19 автордың 25 кітабы жарық көрді. Өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.



