Абай облысының ақындары республикалық командалық айтыстың келесі кезеңіне өтті
Бүгін Семейдегі Абай атындағы театрда облыс әкімдігінің қолдауымен, «Amanat» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысы ақындары арасындағы республикалық командалық айтыс өтті.
Айтыстың құрметті қонағы әрі қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман болды. Жыр додасын ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізді.
Сөз сайысында Абай облысының намысын қыз-жігіт айтысында Әсем Ережеқызы, қайым айтыста Нұржан Өмірбай, сүре айтыста Айбек Жеңісқазин, түре айтыста Қуандық Кенжебекұлы қорғады. Сонымен қатар жыршы Қайрат Қабышев, термеші Клара Төленбаева, дәстүрлі әншілер Диас Мұратхан, күйші Дарын Құдайбергенов өнер көрсетті.
Батыс Қазақстан облысының командасын Мұрадым Мирланов бастап шықты. Сүре айтыста Бауыржан Шимердинұлы, түре айтыста Жансая Мусина, қыз-жігіт айтысында Талғат Мықи, қайым айтысында Айнабек Бисенғалиев өнер көрсетті. Сонымен қатар жыршы Фархат Оразов, термеші Кенесары Болғанбаев, дәстүрлі әнші Дастан Есентеміров, күйші Тұрлыхан Абуханов сахнаға шықты.
Жалпы қорытынды бойынша Абай облысының құрамасы 158:157 есебімен 1 ұпай басымдықпен жеңіске жетіп, жобаның келесі кезеңіне жолдама алды. Қос команда мүшелері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және арнайы сертификаттарымен марапатталды.
Семейден бастау алған бұл республикалық командалық айтыс алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерін қамтиды. Алғашқы кезеңде 20 команданың ішінен 10 команда іріктеліп, одан кейін 6, кейін 4 команда анықталады. Финалдық кезеңде үздік екі команда өзара бақ сынап, жеңімпаз анықталады.