Қазақстан Женевадағы Халықаралық электр байланыс одағы алаңында цифрлық тұрақтылық стратегиясын таныстырды
Женева қаласында Халықаралық электр байланыс одағы (МСЭ) мен Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған «Телекоммуникациялар — киберқауіпсіздіктің негізі» атты ақпараттық сессия өтті. Бұл маңызды жиынға цифрлық инфрақұрылым саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар қатысты.
Жиында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (ЖИЦДМ) Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков сөз сөйлеп, еліміздің телекоммуникация саласы мен цифрлық тұрақтылығының басты даму бағыттарын таныстырды. Қазіргі таңда Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналу стратегиясын жүйелі түрде іске асырып келеді. Бұл бағыттағы жетістіктер де аз емес: республика БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орынға ие болып, Орталық Азияда онлайн-қызметтер көрсету бойынша көш бастап тұр.
Елімізде жасанды интеллект технологияларын дамытуға басымдық берілуде. Мәселен, 2025 жылы «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданып, KazLLM ұлттық тілдік моделі іске қосылды. Ал 2026 жыл ресми түрде «Цифрландыру және ЖИ жылы» болып жарияланып, жүйелі бастамалар жалғасын табуда. Бұл инфрақұрылымдық даму қомақты инвестициялармен нығайтылып келеді: соңғы үш жылда байланыс саласына 2,5 млрд доллардан астам қаржы салынды.
Болашаққа жоспарланған ауқымды жобалардың қатарында «Қолжетімді интернет» бағдарламасы бар. Оның аясында 2027 жылға қарай халықты сапалы байланыспен қамту деңгейін 100%-ға жеткізу көзделген. Сонымен қатар, Қазақстан Direct-to-Cell секілді ғарыштық байланыс технологияларын сынақтан өткізіп, халықаралық интернет-трафик транзитіндегі өз үлесін 5%-ға дейін арттыруды мақсат етіп отыр.
Бұл сессияға қатысу - Қазақстанның МСЭ Кеңесіне мүшелікке кандидатурасын ілгерілету және елімізді цифрлық даму саласындағы сенімді серіктес ретінде таныту жолындағы маңызды қадам.