«Еңбек адамдарының тарихы» айдарында: термеші тағдыры
Мәдениет қызметкері, термеші — халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан толғаулы жырлары мен термелерін дәріптеп, ұлттық болмысты сақтаушы өнер иесі. Олар терме арқылы адамгершілікке үндеп, тарих пен тағылымды жеткізіп, халықтың рухани дүниесін байытады.
Осындай өнер иелерінің бірі – Мақаншы аудандық мәдениет үйінің әртісі Қайрат Ботекеұлы Буланбаев.
Ол 1993 жылы Қаскелең қаласындағы мәдениет училищесіне оқуға түсіп, 1996 жылы «Мәдени демалыс қызметі» мамандығы бойынша «Көпшілік қойылымдар режиссері» біліктілігін алып, оқуын аяқтады.
Еңбек жолын сол жылы Мақаншы аудандық мәдениет үйінде әртіс ретінде бастап, «Інжу-Маржан» халықтық ән-би ансамблінің әншісі, термешісі болды. Сонымен қатар «Көңіл-ашар» әзіл-сықақ отауында өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
2008 жылы Үржар ауданында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына арналған республикалық шараларға қатысып, Өскемен қаласында өткен «Мен қазақпын» мега жобасында Алғыс хатпен марапатталды.
2012 жылдан бері Қайрат Ботекеұлы «Інжу-Маржан» фольклорлық ансамблінің жетекшісі ретінде еңбек етіп келеді. Ол халық әндері мен жыр-дастандарды насихаттап, жас ұрпаққа ұлттық өнерді дәріптеп жүр. Оның орындауындағы термелер тыңдарман жүрегінен орын алып, рухани әсер сыйлайды.
2018 жылы белгілі әнші Гүлмира Дәукенованың шығармашылығына арналған «Алакөл алаулары» фестивалі мен Қадыр Мырза Әлі әндеріне арналған байқауда жүлделі ІІ орынды иеленді.
Ал 2019 жылы Секен Тұрысбеков пен Гүлмира Дәукенованың шығармашылығына арналған «Қос жұлдыз» байқауында І орынға ие болды. Сонымен қатар «Ауғанстан – ерлік дастан» атты аудандық әскери-патриоттық ән байқауында және «Шығыстың жез таңдайы» облыстық дәстүрлі ән байқауында да жүлдегер атанды.
Қайрат Ботекеұлы — ұлттық өнердің жанашыры, дәстүрлі ән мен термені дәріптеп, ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген өнерпаз.