Бақылау-кассалық машиналар: 2026 жылдан бастап қандай талаптар өзгерді?
Семей қаласында бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) қолдану тәртібі мен жаңа талаптар түсіндірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті камералдық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Нұрғалиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ҚР Салық кодексінің 110-бабына сәйкес, ел аумағындағы барлық ақшалай есеп айырысу мемлекеттік тізімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ арқылы жүргізілуге тиіс.
Спикер БКМ қолдану оларды есепке қою және есептен шығару, тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ фискалдық деректерді операторлар арқылы мемлекеттік кірістер органдарына беру процестерін қамтитынын атап өтті.
Бұл қызметтің барлығы электрондық форматта, яғни «электрондық үкімет» порталы немесе фискалдық деректер операторлары арқылы іске асырылады.
Сонымен қатар спикер заңнамада жекелеген санаттағы тұлғалар үшін БКМ қолданудан босату көзделгенін жеткізді. Ал телекоммуникация желісі жоқ аумақтарда кәсіпкерлер деректі беру функциясынсыз БКМ қолдана алады.
Бұдан бөлек, сауда автоматтары мен төлем терминалдары қолма-қол есеп айырысу жүргізген жағдайда міндетті түрде бақылау-кассалық машиналармен жабдықталуға тиіс.
Спикердің мәліметінше, Абай облысында 2026 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі бойынша мөлшерлеме – 2%, яғни әрбір чек бюджет кірісінің қалыптасуына ықпал етеді.