Алакөлді дамытудың жол картасы бекітілді
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Алакөл жағалауын дамыту және 2026 жылдың жазғы маусымына дайындық бойынша арнайы жиын өтті.
Алакөл жағалауында маңызды жобалардың орындалу барысы және биыл жүзеге асыруға қажетті іс-шаралар жөнінде туризм басқармасының басшысы Бекжан Бапышев, Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин, Цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаламқас Жұмағалиқызы баяндады.
Жиында Абай облысында 2026-2028 жылдарға арналған Алакөл көлінің жағалауында туризмді дамыту жол картасы бекітілді. Құжат өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және жағалаудағы инфрақұрылымды кешенді дамытуға бағытталған.
Жоспарға сәйкес Алакөл жағалауын дамыту үшін бас жоспар әзірленіп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылады. Электр желілері тартылып, су және кәріз жүйелері салынады. Тазарту қондырғылары орнатылып, жағалау нығайтылады. Сонымен қатар санитарлық тораптар қойылып, жарық тартылады.
Биыл көл жағалауына жасанды интеллектпен интеграцияланған 115 бейнекамера орнатылады. Оның 22-сі жағалау сызығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қойылады. Сондай-ақ, барлық нысандар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады.
Сонымен қатар жолдар жөнделіп, қоғамдық көлік қозғалысы ұйымдастырылады. Туризмді дамыту аясында келу орталығын салу, инвесторлар тарту және мәдени-туристік іс-шаралар өткізу көзделген.
Аймақ басшысы жиында шомылу маусымына небары екі ай қалғанын атап өтіп, тиісті басқарма мен Мақаншы ауданының әкіміне инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын нақты жоспармен жедел іске асыруды тапсырды.










