Абай облысында театр өнерін дамыту жөніндегі жоғары көркемдік кеңес құрылды
27 наурыз – халықаралық театр күніне орай Абай облысында театр өнерін дамыту мақсатында құрылған жоғары көркемдік кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Жиында кеңестің құрамы бекітіліп, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Отантай Кәрібжанұлы, жазушы Асқар Алпысбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс, еліміздегі жетекші театрлардың артистері Гүлмира Жакилина, Әсет Иманғалиев, режиссер Ерлан Кәрібаев, драматург Әлішер Рахат кеңес мүшелері болды.
Кеңес мүшелерінің ұсынысымен, облыс әкімінің келісімімен Берік Уәли жоғары көркемдік кеңестің төрағасы болып сайланды.
Алғашқы отырыста Тұңғышбай Жаманқұлов, Отантай Кәрібжанов, Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс сөз сөйлеп, театр өнерінің қазіргі ахуалы, шығармашылық бағытты жетілдіру және саланың өзекті мәселелері бойынша пікір білдірді. Облыста Абай халықаралық театр фестивалін өткізу, облыс жастарын театр мамандығына оқыту үшін грант бөлу туралы ұсыныстар айтылды.
Кеңес өз құзыреті аясында театр репертуарының көркемдік деңгейін қалыптастыру, мәдени қызметтердің сапасын бағалау және шығармашылық ұжымдарды қолдау бағытында жұмыс жүргізеді.
Айта кетейік, Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры – еліміздің мәдени кеңістігінде өзіндік орны бар, тарихы терең өнер ордасы. 1934 жылы мемлекеттік театр ретінде құрылған ұжым ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.










