Еңбек министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласын цифрлық трансформациялау мәселелері қаралды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Қатысушылар жаңа Конституция нормаларын іске асыру үшін заңнамалық түзетулер пакетін дайындауды, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласын жаңа технологиялық шешімдерге көшіру мәселелерін талқылады.
Кеңесте жаңа Конституция нормаларын іске асыру аясында заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу бойынша түзетулер пакеті дайындалғаны атап өтілді. Көбіне өзгерістер Әлеуметтік кодекске қатысты болады: белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет стандарттарын заңнамалық тұрғыда бекіту, мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсету қызметтерін реттеу және әлеуметтік аудит институтын енгізу жоспарлануда.
Өзгерістер Еңбек кодексінде де қарастырылған. Заң жобасы құқықтық өріске платформалық жұмыспен қамту ұғымын енгізеді, еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарын және кәмелетке толмағандардың еңбек жағдайларын нақтылайды. Сонымен қатар еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшелерінің әлеуметтік әріптестік келісімдерінің орындалуын бақылау жөніндегі өкілеттіктері күшейтіледі.
Сондай-ақ кеңеске қатысушылар әлеуметтік-еңбек саласын жаңа технологиялық негізге көшіру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, вице-министр Бахтияр Жазықпаев дебюрократияландыру аясында министрлік әлеуметтік қолдау шараларын кезең-кезеңімен автоматтандыруды жүзеге асырып жатқанын хабарлады: өңірлік көмектің 66 түрінен 13 ірілендірілген бағыт қалыптастырылды, олардың бір бөлігі «Е-Собес» жүйесінде проактивті форматқа ауыстырылды (мысалы, бірқатар атаулы күндерге автоматты төлемдер).
«Трансформация жұмыспен қамту саласын да қамтиды. Енгізіліп жатқан Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жасанды интеллект технологияларының көмегімен жұмыс іздеушінің цифрлық профилін және оның жеке жоспарын автоматты түрде қалыптастырып, өтініш беру форматынан азаматты толық сүйемелдеуге көшеді», – деп түйіндеді вице-министр.
Осы бастамалармен қатар Бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу қарқыны, сондай-ақ Кәсіптерді трансформациялау жөніндегі ұлттық орталықты құру барысы қарастырылды.