Cемей8°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
481.54 553.24 5.93

Инклюзияны қолдау – Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты қағидаттардың бірі – Мәулен Әшімбаев

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Астанада Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда депутаттар салалық ұйымдардың сарапшыларымен бірлесіп, мүгедектігі бар балалар мен ересектерді оңалту жолында инклюзивті спортты дамытудың маңызын талқылады. Отырысқа қатысушылар аталған бағыттағы өзекті мәселелерге тоқталып, өңірлерде инклюзивті спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігіне, бейімді спорт саласында білікті кадрлардың тапшылығына және қажетті бірыңғай тәсілдер мен жұмыс әдістемелерінің жоқтығына ерекше назар аударды.

Отырыс «Дене шынықтыру мен спорт – әлеуметтік оңалту және инклюзия тетігі» тақырыбына арналды. Іс-шараны ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғам қалыптастыруға және әрбір азаматқа өз әлеуетін толық іске асыруына қажетті жағдай жасауға ерекше мән беріп отырғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар Палата Спикері Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған Инклюзивті спорт орталығының бірегей маңызына тоқталып, аталған нысанда азаматтарға жан-жақты қолдау және жаттығу мен оңалтудан бастап, емдеу мен оқытуға дейінгі ауқымды қызмет көрсетілетінін айтты.

«Инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басым бағыттарының бірі. Білім беру, спорт және әлеуметтік салада инклюзияны қолдау қағидаты – әрбір азаматқа өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру стратегиясының ажырамас бөлігі. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында инклюзивті спорт пен дене шынықтыру идеологиясын белсенді дәріптеу Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі екенін атап өткен жөн. Сондықтан бәріміз бірлесіп, қолға алынған жұмысты жүйелі түрде жалғастыру және нақты нәтижелерге қол жеткізу айрықша мәнге ие», – деп, Мәулен Әшімбаев өткен Паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен отандық параатлеттердің жетістіктеріне жоғары баға берді.

Отырыс барысында елімізде инклюзивті спортты дамыту бағытында оң динамика қалыптасқаны да назардан тыс қалған жоқ. Сарапшылар келтірген деректерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда осы салаға бейімделген 16 клуб пен 2 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді. Онда қазір 8 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар спортшы тұрақты түрде жаттығады. Сонымен бірге Сенат Төрағасы күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау кезінде саладағы бірқатар жүйелі проблемаларға да назар аударды.

Кездесуге қатысушылар қордаланған мәселелерді шешу медицина, білім беру және әлеуметтік қорғау салалары өкілдерімен бірге барлық мүдделі тараптың бірлескен әрі үйлесімді жұмысын талап ететінін айтты. Осы ретте Палата Спикері қазіргі таңда депутаттар мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауды арттыруға арналған бірқатар заңнамалық түзету әзірлеп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев инклюзия тек заңнамалық тетіктер арқылы ғана емес, сонымен бірге мәдениет және отбасы мен мектептегі дәріптеу жұмыстары арқылы да қалыптасатынына тоқталды. Бұл бағытта әлі де ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс екенін айтқан Сенат Төрағасы, осы іске Қазақстан бочча федерациясы ұйытқы болған және Kinopark компаниясымен бірлесіп түсірілген «Ерекше» фильмі тың серпін бергенін жеткізді. Аталған фильм 19 наурыздан бастап прокатқа шыққанын атап өткен жөн.

Отырыста депутаттармен қатар Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің Төрағасы Ләззат Қалтаева, Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, «Ski Park Pioneer» ЖШС директоры Жанат Қаратай, сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері және басқа да қатысушылар сөз сөйледі. Кеңесте айтылған барлық ұсыныс пен бастама мұқият зерделеніп, жұмыста ескеру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив