Сенаторлар Салық кодексінің ережелерін қолдану тәжірибесін талқылады
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Ақтөбеде «Салық кодексінің тұжырымдамалық мәселелері және оның бизнесті дамытуға әсері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов отырысты аша келіп, жаңа Салық кодексі экономикалық саясаттың негізгі құралының бірі болып табылатынына тоқталды және оны қолдану тәжірибесі мен бизнеспен кері байланысты ескере келгенде кодекс тұрақты пысықтауды талап ететінін жеткізді. Сонымен қатар экономикалық ортаның құбылған жағдайында бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуге де, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға да бағытталған теңдестірілген шешімдерді әзірлеуге назар аударылды.
«Біздің кездесуіміздің мақсаты – жаңа Салық кодексінің ережелерін іске асыру кезінде бизнестің қосылған құн салығы жөнінде туындаған мәселелерін, жаңа мөлшерлемені есептеудің әртүрлі тетіктерін, арнайы салық тәртіптерін қолдану, бизнестің В2В өзара қарым-қатынасы, салық есеп-қисабын толтыру тәртібін қарау және талқылау болып табылады», - деп атап өтті Сұлтанбек Мәкежанов.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Амрин өз сөзінде жаңа Салық кодексі салық салудың неғұрлым қарапайым, ашық және әділетті жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, салықтар мен міндетті төлемдер саны қысқартылды, жеңілдіктер оңтайландырылды, сондай-ақ есеп-қисап нысандарын қысқарту мен цифрлық шешімдерді енгізумен қоса әкімшілік рәсімдер айтарлықтай жеңілдетілді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері компаниялардың өзара іс-қимылына, салық жүктемесіне және шегерімдерді қолдануға әсер ететін жекелеген ережелермен қоса бизнес алдында тұрған бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Бұл ретте мемлекеттің салық жөніндегі мүдделері мен кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығы айтылды.
Сенаторлар Ақтөбе облысына сапар аясында «Ақтөбе» АЭА, «Ақтөбе рельс арқалық зауыты», «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС, «Қазхром «ТҰК» АҚ, сондай-ақ «Айс-плюс» және «KazFeltec» ЖШС жұмысымен де танысты.