Нұртөре Жүсіп: мемлекеттік қызметті жаңғырту – стратегиялық міндет және адами капиталға инвестиция
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысына қатысу барысында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметті жаңғырту: біліктілік пен адами капиталға бағдар» тақырыбында баяндама жасады.
Сенатор Қазақстанда мемлекеттік қызметті жаңғырту әкімшілік реформаның бөлшегі ғана емес, ол тиімді мемлекет құру, тұрақты экономикалық өсу және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей байланысты ұлттық ауқымдағы стратегиялық міндет екенін атап өтті. Бүгінгі таңда мемлекеттік аппарат негізгі реформалардың жетекшісі, өзгерістердің қозғалтқыш күші және әділдік пен заңдылықтың кепілі болып табылады.
«Мемлекеттік қызметші осы үдерістердің ортасында тұр. Шешімдердің сапасы мен қоғамның мемлекетке деген сенім деңгейі оның құзыретіне, құндылықтары мен ерік-жігеріне байланысты. Сондықтан сапалы мамандар корпусын қалыптастыру – басты міндет. Қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет мамандарды ресми басқарудан адами капиталды дамытуға көшуді талап етеді. Біліктілік, бейімділік, сыни ойлау және нәтижеге жауапкершілік – басымдық болуы тиіс», - деді Нұртөре Жүсіп.
Депутат үздіксіз оқытудың маңызына тоқтала келіп, білімнің тез ескіруі жағдайында мемлекеттік қызметшілер үнемі жаңа құзыреттерді – цифрлық дағдыны, жобаларды басқаруды, деректерді талдауды және қоғаммен өзара іс-қимылды дамытуы тиіс екенін жеткізді. Оқу кәсіби қызметтің бір бөлігіне айналуда. Ол сондай-ақ нәтижеге, диалог пен жауапкершілікке баса назар аудара отырып, ашық, айқын және азаматтарға бағытталған жаңа ұйымдастырушылық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін айтты.
«Қоғам мемлекеттік органдардан функцияларды орындауды ғана емес, сапалы шешімдерді, жеделдік пен әділдікті және азаматтарға құрмет көрсетуді күтеді. Бұл үміттер мемлекеттік қызметтің жаңа стандарттарын қалыптастырады, онда жоғары білікті және еңбекке құштар мамандар болуы тиіс. Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жаңғырту – бұл адами капиталға салынған инвестиция және біліктілік, жауапкершілік және қоғамға қызмет етуге негізделген басқарушылық мәдениетті қалыптастыру», - деді Нұртөре Жүсіп.