Депутаттардың бастамасымен әзірленген арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған заң жобасын Мәжіліс I оқылымда мақұлдады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заң жобаларды бірінші оқылымда мақұлдап, Халықаралық валюта қорымен арадағы Меморандумды ратификациялады.
Арнаулы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар жобасына және оған ілеспе түзетулерге Парламент депутаттары бастамашы болды. Құжатты Мәжіліс депутаты Болат Керімбек таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға және құқық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарды жоюға бағытталған.
– Қазіргі таңда азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін интернеттегі қылмысқа қарсы күрес ерекше маңызға ие. Әр адамның жеке деректерін, қаржысын және цифрлық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Сондықтан заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, IT-мамандарды тартуда икемді тәсілдерді қолдану мемлекеттік институттардың инновацияларды тезірек енгізуіне, цифрлық дамудың тиімділігін арттыруына мүмкіндік береді, – деді депутат.
Сонымен қатар заң жобасы арқылы ұлттық қауіпсіздік органдарының дағдарыс жағдайы туындағанда, төтенше және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай енгізілген кезде әрекет ету құзыреті нақтыланады.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік құпияларды қорғау күшейтіледі. Болат Керімбектің айтуынша, осы мақсатпен заңда «мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуін» ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіптердің бірі ретінде бекіту ұсынылып отыр.
Сонымен бірге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі ілеспе түзетулер арқылы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік құпияларды қорғау саласында белгіленген талаптарды қайталап бұзғаны үшін жауаптылықты күшейту көзделген.
Бұдан бөлек, экстремистік және террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, дайындауға және таратуға, бұған қоса оларды сақтауға да тыйым енгізіледі.
Депутат «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын хабарлады. Аталған түзетулер әскери және арнаулы оқу орындарына түсу емтихандарында талапкерлердің жинаған балдары тең болған жағдайда жетім балаларға, «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық олимпиада жеңімпаздарына және өзге де санаттарға басымдық беру тәртібін айқындауға бағытталған.
Талқылау барысында депутаттар мемлекеттік құпияларды қорғауды ұлттық қауіпсіздік деңгейіне жатқызудың қажеттілігі, жауапкершілік шараларын қайта қарау мүмкіндігі, сондай-ақ экстремистік материалдарды сақтауға тыйым салудың негізділігі туралы сұрақтар қойды. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризм мен экстремизмге қарсы іс-әрекетінің өкілеттерін кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ депутаттар террористік және экстремистік материалдарды сақтауға тыйым салу нормасын енгізудің негізділігіне және бұл өзгерістің оны бұзғаны үшін қолданылатын санкцияларға әсеріне қызығушылық танытты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризм мен экстремизмге қарсы іс-әрекет тұрғысынан өкілеттіктерін кеңейтуге, соның ішінде осы функцияларды іс жүзінде жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды.
Талқылау нәтижесінде депутаттар заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттарды жетілдіру жұмыстары депутат Олжас Құспеков жетекшілік ететін жұмыс тобы аясында жалғасатын болады.
Жалпы отырыс барысында депутаттар Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдеріне арналған әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялады. Құжатқа 2024 жылғы 23 қазанда Вашингтон қаласында қол қойылған. Оны депутаттарға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов таныстырды
Аталған өңірлік орталық іс жүзінде Алматы қаласында 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ол Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің мемлекеттік қызметшілеріне макроэкономика, ақша-несие және бюджеттік саясат, қаржылық реттеу мен қадағалау, сондай-ақ макроэкономикалық статистика салаларында өзара білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін ұсынады.
Қосымша баяндамада Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбанов атап өткендей, бұл Меморандумда Орталық пен оның қызметкерлеріне қатысты иммунитеттер мен артықшылықтар қарастырылған. Олардың қатарында көші-қон және валюталық режимдер бойынша жеңілдіктер, салық салудағы жеңілдіктер, сондай-ақ ғимараттардың қол сұғылмаушылығына кепілдіктер бар. Халықаралық ұйымдарға қатысты қалыптасқан тәжірибе саналатын бұл жеңілдіктер олардың өз функцияларын тәуелсіз әрі бейтарап орындауын қамтамасыз етеді.
Бұл бастама Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, Алматы қаласын өңірлік білім мен ынтымақтастық орталығына айналдыруға ықпал етеді. Сонымен қатар мамандардың біліктілігін арттыруға және мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейтуге жол ашады.
Бұдан бөлек, салалық комитеттер жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске өзгерістер енгізу және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы жобалар бар.
Бұдан бөлек, Мәжілістің салалық комитеттері «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 16 депутаттық сауал жолдады. Сонымен қатар Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты алдағы әкімшілік амнистия туралы және қоғамға қауіп төндіретін теріс діни ағымдар жөнінде екі үндеу жарияланды. Барлық материалдар Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында қолжетімді.