«Таза бейсенбі» акциясы аясында Абай облысында 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды
AMANAT партиясы бастамасымен Абай облысы, Семей қаласында Таза Қазақстан жобасы аясындағы экологиялық акциялар тұрақты түрде жалғасуда. Бұл жолғы тазалық жұмыстары Бейбітшілік аралында ұйымдастырылды.
Акцияға барлығы 60 адам қатысты. Олардың қатарында 30 партия мүшесі, 8 мәслихат депутаты және 20 белсенді бар. Іс-шара барысында арал аумағынан 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.
Абай облыстық мәслихатының депутаты Саят Танатаров қатысушыларға алғыс білдіріп, өз сөзінде: «Бүгінгі “Таза бейсенбі” акциясы әр тұрғынның жауапкершілігі мен бірлігін көрсетті. Партия мүшелері мен депутаттардың белсенді қатысуы – іс-шараның табысты өтуінің кепілі. Олар тек өз үлестерін қосып қана қоймай, жастар мен қала тұрғындарын табиғатты қорғауға үндеді. Мұндай бірлескен әрекет туған жеріміздің таза әрі көркем болашағын қалыптастыруға жол ашады», – деді.
Жалпы, жыл басынан бері Семей қаласында 60-тан астам тазалық шарасы өткізіліп, 84,2 тонна қар шығарылған. Акцияларға 4300-ге жуық тұрғын қатысып, 198 арнайы техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, партияның жастар және әйелдер қанаты қайырымдылық бағытта да белсенді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, жалғызбасты қарттардың аулаларын тазалауға қолдау көрсетіліп, «Ардагерлерді ардақтайық!» және «Вандализмге жол жоқ!» жобалары аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тазалықты сақтауға бағыттала береді.








