Қазақстандық делегация Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан Халықаралық көлік-логистика форумына қатысуда
Санкт-Петербург қаласында Халықаралық көлік-логистика форумы өз жұмысын бастады.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бастап барды. Делегация құрамына «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «ҚазжолҒЗИ» АҚ және бизнес өкілдері кірді.
Форум көлік логистикасын дамыту, цифрландыру, инновацияларды енгізу және жаһандық көлік байланысын нығайту мәселелеріне арналған. Іс-шара алғаш рет өткізіліп отыр және оған мыңнан астам қатысушы — мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес және салалық сарапшылардың өкілдері жиналды.
Іскерлік бағдарлама аясында халықаралық көлік инфрақұрылымын дамыту, жүк және жолаушылар тасымалы, көлік қызметтерін цифрландыру, инновациялық шешімдерді енгізу және саланы тиімді реттеу мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің төрағалығымен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдар басшылары кеңесінің 10-ы отырысы өтті. Отырыс барысында бірыңғай көлік саясатын қалыптастырудың негізгі бағыттары, еуразиялық көлік дәліздерін дамыту және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіру мәселелері қаралды.
Форум аясында министр Ресей Федерациясы, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Шри-Ланка және Беларусь елдерінің көлік ведомстволарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Сонымен қатар, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Көлік үйлестіру кеңесінің панельдік сессиясынада халықаралық логистика мен көлік дәліздерін дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының форумға қатысуы көлік саласындағы елдің жетістіктері мен стратегиялық басымдықтарын таныстыруға, сондай-ақ халықаралық әріптестікті нығайтуға және көлік жүйелерінің тиімділігін арттыру мен еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді дамыту мақсатында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.