Облыс әкімі өңір тұрғындарын тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырып, бейнеүндеу жариялады
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жасап, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпыөңірлік тазалық жұмыстарының жалғасатынын жариялады.
Облыс әкімі тазалық шаралары бір реттік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс мәдениет екенін атап өтті.
Аймақ басшысы облыстың тазалығы әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі екенін айтып, бұл іске кәсіпкерлерді де белсенді атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, былтыр облыста өткен жалпыөңірлік сенбілік аясында 349 мыңнан астам тұрғын тазалық жұмыстарына қатысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылды. 70 мыңнан астам көшет отырғызылып, 191 заңсыз қоқыс орны жойылды. Сонымен қатар, «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылып, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мен тазалығын сақтау жұмыстарына қатысып, белсенділік танытқан 20 ауылға 20 трактор табысталды.
Облыс әкімі бейнеүндеуінің толық мәтінін Абай облысы әкімдігінің сайтынан оқи аласыздар.