Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
470.46 543.1 5.86

Мәжіліс психологиялық қызмет және жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобаларын қарайды

Бүгін, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Бірінші оқылымда Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын қарау ұсынылады. Құжат осы саланы реттеуге және психологиялық көмектің қолжетімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқықтық база қалыптастыруға бағытталған. Атап айтқанда, психологтар мен психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттерін бекіту көзделіп отыр. Соның ішінде құпиялылықты қамтамасыз ету, ақпараттандырылған келісім алу, сондай-ақ кәсіби және этикалық стандарттарды сақтау қамтылады. Бұдан бөлек, психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін енгізу ұсынылып, оған қосылу кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін міндетті талап болады.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына жұртшылықтың қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ жануарларға адамгершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға түзетулер енгізу де ұсынылды. Заң жобасының нормаларында үй жануарларына қатысты белгіленген талаптарды иелерінің сақтауын бақылау тетіктерін күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл ден қою шараларын ұйымдастыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ басқа да бірқатар ережелер қарастырылған.

Сонымен қатар, депутаттар Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді қарайды. 2024 жылғы 11 қыркүйекте Астанада қол қойылған құжат әуе кеңістігін өзара пайдалану шарттарында әуе транзитінің тәртібін айқындауға бағытталған.

Екінші оқылымда Мәжіліс еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарайды. Сондай-ақ депутаттар ветеринария мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдайды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив