Семейдегі құс фабрикасы жылына 8 мың тонна өнім өндіреді
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы «Восток Бройлер» ЖШС-нің өндірістік кешенінде болды. Облыс әкімі кәсіпорынның өндірістік үдерісімен, құс өсіру, өңдеу және дайын өнім шығару бағытындағы жұмысымен танысты.
Кәсіпорынның өндірістік циклі инкубациялық жұмыртқаларды қабылдаудан басталып, балапандарды өсіру, құсты сою, өңдеу, қаптау және дайын өнімді тұтынушыларға жөнелтуге дейінгі барлық кезеңді толық қамтиды. Барлық технологиялық үдерістер халықаралық тағам қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
«Восток Бройлер» кәсіпорны 1967 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мекеменің жобалық және өндірістік қуаттылығы жылына 8 мың тоннаны құрайды. Бір жылда 5 миллионға дейін тауық өсіріп, сатылымға шығарады. Сою цехының қуаттылығы күніне орта есеппен 25 тоннаны құрайды. Былтыр мұнда 8346 тонна құс еті өндірілген. Өнім Қазақстанның өңірлерімен қатар Ресей Федерациясына да жөнелтіледі. Кәсіпорында 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аймақ басшысы өндіріс орнының өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор екенін атап өтті.










