Семейдің қоғамдық көлік паркі алғаш рет 15 жаңа электробуспен толықты
Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап қаладағы тасымалдаушылар автопарктерін жаңарту жұмысын жүргізуде.
Аймақ басшысы бүгін Семей қаласын аралау барысында шаһардың қоғамдық көлік паркін жаңарту үшін сатып алынған жаңа электробустарымен танысты.
«Bus Group» ЖШС әлеуметтік маңызы бар №10 және №45 бағыттарға қызмет көрсету үшін «Skywell NJL 6108 BEV» маркалы 15 жаңа электробус сатып алды.
90 жолаушыға арналған жаңа электробустар тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге бағытталған заманауи техникалармен жабдықталған. Атап айтқанда, 350 шақырымға дейінгі жүрісті қамтамасыз ететін электр қозғалтқыш және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емін-еркін кіріп-шығуына арналған механикалық пандус бар. Электробустарда 26 жолаушыға арналған жұмсақ қаптамалы отыратын орын қарастырылған. Жолаушылардың жайлылығы үшін салқындату өнімділігі 30 000 kcal/h болатын кондиционер, жеті жылыту радиаторы, оның ішінде жүргізушіге арналған жеке жылытқыш бар. Автобус тұтқаларына USB порттары қойылған.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес электробустардың ішкі және сыртқы бөліктеріне интеллектуалды алты бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ, батарея және жылытқыш бөлімдерінде орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесі қарастырылған. Әр автобус екі дана өрт сөндіргішпен жабдықталған. Жүргізуші кабинасы жартылай жабық типте жасалған. «Bus Group» ЖШС жақын уақытта осындай тағы 5 электробус сатып алуды жоспарлап отыр.
Жаңа электробустарды көрген облыс әкімі Семей қаласының қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстарының жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Семей қаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында 62 автобус сатып алынған болатын. Аталған жұмыстар қаланың жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.










