Жеке тұлғалардың мүлік салығы қалай есептеледі?
Жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу тәртібі, төлеу мерзімі және салықтық жеңілдіктер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Аманкелді Сағатбеков пен бас маман Еркебұлан Нүкебаев кеңінен түсіндірді.
Спикердің сөзінше, мүлік салығы тұрғын үйдің нарықтық немесе сатып алу құны бойынша емес, бағалау құны негізінде есептеледі. Бағалау құнын анықтау кезінде объектінің орналасқан жері, жалпы ауданы, тұрғын үйдің түрі, салынған жылы, қабырғасының материалы, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі, ғимараттың тозу дәрежесі және өзге де техникалық сипаттамалары ескеріледі. Сондықтан ауданы бірдей екі тұрғын үйдің бағалау құны мен төленетін салық мөлшері әртүрлі болуы мүмкін.
Сонымен қатар салық заңнамасында азаматтардың жекелеген санаттарына мүлік салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ есептелген салық сомасын eSalyq Azamat мобильді қосымшасы, электрондық үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе мемлекеттік кірістер органдары арқылы тексеруге болады.
Баспасөз мәслихаты соңында спикерлер азаматтарды есептелген мүлік салығын алдын ала тексеріп, оны белгіленген мерзімде, яғни келесі жылдың 1 қазанына дейін уақытылы төлеуге шақырды.