Қазақстанның балық шаруашылығы саласы қарқынды дамуда: 2028 жылға қарай акваөсіру көлемі 2,5 есеге ұлғаяды
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы балық өнімдері нарығының көлемі 106,5 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Мемлекеттік қолдау шаралары, саланы цифрландыру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай акваөсіру көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 2029 жылға қарай кәсіпшілік балық аулау көлемі 100 мың тоннаға жеткізіледі.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
Айтуынша, өткен жылы 49,6 мың тонна балық ауланып, акваөсіру шаруашылықтарында 22,9 мың тонна өнім өндірілді. Сондай-ақ 21 мың тонна балық өнімі экспортталды.
Кәсіпшілік балық аулау негізінен Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына тән.
Қазіргі таңда салада 537 балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Олар 12 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Балық өңдеумен жылдық қуаты 126 мың тоннаны құрайтын 73 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде 20 кәсіпорын Еуропалық одақ елдеріне өнім экспорттау құқығына ие. Жалпы қазақстандық балық өнімдері әлемнің 21 еліне экспортталады. 2025 жылы өңделген өнім көлемі 37 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың көрсеткішінен 24%-ға асып түсті.
Терең өңдеуді ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан салықтық және қаржылық қолдау шаралары көзделген. Атап айтқанда, балық өңдеуші кәсіпорындар үшін қосылған құн салығының мөлшері 70%-ға төмендетілген. Сонымен қатар айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5%-бен жеңілдетілген несие беріледі.
Саланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі – цифрландыру. Өткен жылы рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуге қатысатын мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған E-fish ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Қазіргі таңда жүйеде балық шаруашылығы және акваөсіру саласының 1 221 субъектісі тіркелген. Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесімен біріктіру нәтижесінде рұқсат етілген аулау немесе өсіру көлемінен асып кеткен жағдайда ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу автоматты түрде бұғатталады. Соның арқасында балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 2 мың тоннаға қысқарды.
Алдағы уақытта жүйенің функционалы «Акваөсіру» модулін енгізу арқылы кеңейтіледі. Бұл модуль балық өсіру шаруашылықтарының бірыңғай тізілімін жүргізуге, өндірістік көрсеткіштерге мониторинг жасауға, инвестициялық белсенділікті талдауға және саланың қажеттілігін болжауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бақылауды күшейту және балық аулау құралдарын сәйкестендіру мақсатында оларды QR-коды бар арнайы таңбалармен жабдықтау мәселесі пысықталуда.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында су биологиялық ресурстарын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Каспий итбалығын қорғау мақсатында 2024 жылғы қазанда «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Қазіргі уақытта оның аумағын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Атырау бекіре балық өсіру зауытының «Жаңаталап» және «Еркінқала» учаскелері жаңғыртылып жатыр. Бұл бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсіріп шығару көлемін жылына 5 миллионнан 7,5 миллион данаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Акваөсіруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2021 жылдан бері балық өсіру шаруашылықтарын мемлекеттік қолдау көлемі 11,5 есеге артып, биыл 5,3 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде балық өсіру шаруашылықтарының саны екі есеге өсіп, 684-ке жетті.
2025 жылы саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 5,8 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл мақсатқа қосымша 4 млрд теңге инвестиция тартылды.
2021–2025 жылдары жалпы құны 24,1 млрд теңгені құрайтын, жылдық жобалық қуаты 22 мың тоннадан асатын балық өсіру және өңдеу бағытындағы 95 жоба іске асырылды. 2028 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 ірі жобадан тұратын инвестициялық пул қалыптастырылды. Ең ауқымды жобалар Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылуда.
Серік Сермағамбетовтің айтуынша, қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде 2028 жылға қарай акваөсіру көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 820 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар жан басына шаққандағы балық тұтыну көлемі 9 келіге дейін жеткізіледі.
2029 жылға қарай кәсіпшілік балық аулау көлемін 100 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ балық өсіру зауыттарын жаңғырту нәтижесінде табиғи су айдындарына жіберілетін шабақтар саны 18 миллионнан 85 миллион данаға дейін артады.