Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Биыл Қазақстанда 1040 жұмыс орнын ашуды көздейтін 14 ірі химиялық кәсіпорын іске қосылады

2-02-2023, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Химия өнеркәсібі ұлттық экономикадағы маңызды салалардың бірі. Оның жолға қойылуы металлургия, ауыл шаруашылығы, құрылыс сынды бірнеше саланың дамуына да тікелей әсер етіп, өңдеу өнеркәсібінде маңызды рөл атқаратынын айта кетейік.

Былтыр елімізде химия саласында жалпы сомасы 54,6 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылды. Барлық жоба толық қуатына шыққан бойда өндіріс көлемі шамамен 310 млрд теңгеге жетеді деп көзделген. Оның ішінде экспортқа бағытталатын өнім көлемі 260 млрд теңгеге және импортты алмастыру 60 млрд теңгеге жуықтайды деп межеленіп отыр.

Бұған қоса биыл жалпы сомасы 58,1 млрд теңгеге 14 жобаны іске қосу жоспарланған. Аталған жобалар арқылы 1040 адам жұмыс орнымен қамтылып, оның 17,6% және 14,4% ауылды жерлер мен моноқалалардың үлесіне тиесілі болмақ. Барлық өндіріс орны жоспарланған қуат көлеміне толық шыққан кезде өндірілген өнім мөлшері шамамен 59 млрд теңгеге жетіп, оның ішінде экспорт көлемі 11,6 млрд теңгеге, сондай-ақ импортты алмастыру 47,4 млрд теңгеге артады деп күтіліп отыр. Мұның нәтижесінде осы жылы металлургия саласында эмульсиялық жарылғыш заттар мен еріткіштерді, сондай-ақ химиялық реагенттер шығаратын кәсіпорындармен бірге желатин өндіретін зауыттар ашылады.

Тұтастай алғанда, таяу болашақта химия саласында 6 трлн теңгеге 98 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде 13,9 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Өңірлер бойынша химия өнеркәсібіне байланысты жобалардың едәуір бөлігі Жамбыл облысына (16 жоба немесе 16,33%) тиесілі. Олардың дені минералды тыңайтқыштар мен хлор сілтілі, кальций хлориді, кальцийлендірілген сода сынды бейорганикалық химия өнімдерінің өндірісіне арналған.

Сонымен қатар бұл бағыттағы ілкімді істер Маңғыстау облысында да жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен орынды. Мәселен, мұнайлы өлкеде химия өндірісі бойынша 13 жоба (13,27%) қолға алынған. Атап айтқанда, бұл өңірде жасыл сутегі, аммиак, карбамид және биопротеин өндіретін өндіріс орындары іске қосылмақ.

Осы орайда жоғарыда аталған жобалардың көпшілігі аммиак, каустикалық сода, кальцийлендірілген сода секілді негізгі химиялық өнімдерді өндіруге бағытталып, бұл химия өнеркәсібі мен басқа да салалардың дамуына серпін береді деп көзделген.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив