Cемей35°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
466.08 538.56 5.65

«Абайға құрмет»: Семейде инклюзивті спорт кешенінің құрылысы басталды

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семей қаласында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында инклюзивті спорт кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа спорт нысанының маңызына тоқталып, инклюзивті спортты дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Себебі, бұл салтанатты рәсім – елдің ертеңіне салынған инвестиция, ұрпақтың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, оны халықтың барлық санаты үшін қолжетімді етуге айрықша мән беріп келеді. Яғни, спорт тек кәсіби спортшыларға немесе жоғары жетістіктерге ұмтылған азаматтарға ғана емес, әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да спортпен айналысуға, жарыстарға қатысуға, өз қабілетін шыңдауға толық мүмкіндік алуы тиіс. Бүгінгі жоба – осы ұстанымның нақты көрінісі. Қарағайлы тұрғын үй ауданында бой көтеретін бұл нысан Семей қаласының ғана емес, жалпы облыстың инклюзивті спортын дамытуға жаңа серпін береді деп сенеміз. Мұнда балалар мен азаматтар жаттығып қана қоймайды, олар өз күшіне сенуді, жеңіске ұмтылуды, қиындықты еңсеруді үйренеді. Мұндай спорт кешені өңірімізде бұрын-соңды болған емес. Облыс жұртшылығының сұранысын ескеріп, осындай үлкен спорт кешенін салуға қолдау білдіргендеріңіз үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына өңір тұрғындары атынан алғыс айтамын. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Берік Уәли.

Заманауи нысанда әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру залы, күрес элементтері бар арнайы зал, тренажер залы, бочча залы, үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған бөлмелер қарастырылған. Екі қабаттан тұратын нысан бір мезгілде 130 адамға дейін спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік береді.

Ғимаратта спорттық жаттығу залдарымен қатар медициналық және оңалту қызметтерін көрсетуге арналған кабинеттер де болады. Нысан толықтай инклюзивті талаптарға сай жобаланып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар, лифт, бейімделген санитарлық тораптар және кедергісіз қозғалысқа қажетті жағдайлар жасалады.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. «Абай облысының шағын жинақты мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында 764,7 миллион теңгеге 36 мектепке 58 кабинет орнатылды. Өңірдегі 4 мектеп оқу кабинеттері мен жиһаздармен жабдықталды. «QH Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында Аягөз, Бесқарағай, Жаңасемей және Мақаншы аудандарындағы қосымша білім беру ұйымдары жалпы құны 480 миллион теңге заманауи талаптарға сай кабинеттермен жарақтандырылды.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жаңа нысанның іргетасын қалау рәсімінде осы бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

«Біздің қоғамдық қор елге, қоғамға пайдалы кез келген бастаманы әрдайым қолдауға дайын. Іргетасы қаланып отырған инклюзивті спорт кешені – соның нақты дәлелі. Бұл нысан өңірдегі мүгедектігі бар азаматтарға спортпен тұрақты түрде айналысуға және заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгін басталған құрылыс сапалы әрі ел игілігіне қызмет ететін нысан болады деп сенеміз», – деді ол.

Қазақстан Республикасының бочча спортынан спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы Руслан Еренбаев спорт кешенінің маңызды нысан екенін айтты.

«Бүгін біз көптен күткен инклюзивті спорт кешенінің құрылысы басталғалы жатыр. Әсіресе спортпен айналысып жүрген мүгедектігі бар адамдар үшін мұндай ғимарат арман еді. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өзіміздің өңірде де заманауи спорт нысаны салынатын болады. Ерекше қуаныштымыз», – дейді ол.

Бүгінде облыста мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы спорт клубы жұмыс істейді. Онда 253 спортшы тұрақты түрде жаттығады. Олардың арасында ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыз бар. Мәселен, 2025 жылы Токио қаласында өткен XXV Сурдлимпиада ойындарында жерлестеріміз Алтынбек Кәкітаев пен Айым Жетпіспаева жүлделі үшінші орынға ие болды.

Жалпы, облыста спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр Жаңасемей ауданының Алғабас ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы, Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылында спорт модулі ашылды. Биыл Семейдегі Водный және Бобровка кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта өңірде 21 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Бесқарағай, Қалбатау (Жарма ауданы) ауылдары мен Шар қаласында жүзу бассейні, Аягөз ауданының Қопа ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ангар үлгісіндегі тез тұрғызылатын модульдік шұ спорт залы салынып жатыр. Бесқарағай ауданының Ерназар ауылында, Абай ауданының Көкбай, Саржал ауылдарында, Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінде спорт модулі, Қалбатау ауылында стадион, Үржар ауданының Жанай ауылымен Аягөз ауданының Байқошқар ауылында жаңа спорт залының құрылысы жүргізілуде. Көкпекті ауданының Ажа ауылында ангар үлгісіндегі спорт залының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Курчатов және Аягөз қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысан салынып жатыр. Кеше Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының өңірімізге сыйлығы – Рәміздер алаңы салтанатты түрде ашылды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы, қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Батыс Қазақстан облысы Абай облысымен бірлесіп спорт кешенін салып жатыр.

Акцияны ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадионның, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында осындай спорт кешенін салуды жоспарлап отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив