Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
464.02 536.18 5.54

Семейде Шекара қызметі департаменті әскери қалашығының құрылысы басталды

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семей қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің жаңа әскери қалашығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің бастығы Асхат Ахметов, сала ардагерлері, құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты.

Семей қаласында орналасқан Шекара қызметі департаменті Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасымен шектесетін жалпы ұзындығы 597,8 шақырым мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.

Департамент құрамында Мақаншы және Семей шекара басқармалары, 3 шекара бөлімі, 20 шекара бөлімшесі және 12 шекаралық бақылау бөлімшесі бар. Соңғы төрт жылда мемлекеттік шекараны инженерлік тұрғыдан жабдықтау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып, шекара учаскелері заманауи дабыл кешендерімен, радиолокациялық құралдармен, оптикалық-электрондық бақылау жүйелерімен және тепловизорлық кешендермен жарақтандырылды.

Салтанатты шарадағы құттықтау сөзінде аймақ басшысы шекарашылардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты қызметіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет» – деп ерекше атап өткен болатын. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті» деген қанатты сөзі бар. Шекара қызметі осы қасиетті ұғымның нақты көрінісі. Өйткені, шекарашының қызметі – күн сайын сергектікті, тәртіпті және елге деген шексіз адалдықты талап ететін жауапты міндет. Бүгін іргетасы қаланатын әскери қалашық осы міндетті сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Әскери қалашықтың салынуы – әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасау ғана емес, олардың жауынгерлік әзірлігін арттырып, қызмет тиімділігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам», – деді Берік Уәли.

Әскери қалашықта асханасы бар төрт қабатты әкімшілік-тұрмыстық кешен, ойын және тренажер залы бар спорт залы, футбол алаңы, 300 орындық клуб, қонақүй мен жатақханалар, 40 автокөлікке арналған гараж-бокс, жанармай құю пункті, материалдық қорларды сақтауға арналған қоймалар, автономды қазандық және бақылау-өткізу пункті қарастырылған.

Айта кетейік, департамент құрылған 4 жылда жеке құрамның кәсіби дайындығы мен үйлесімді қызметінің нәтижесінде 57-ден астам мемлекеттік шекараны бұзушы, 767-ден астам көші-қон заңнамасын бұзушы ұсталды. Сондай-ақ жалпы салмағы 7 килограмнан асатын есірткі заттарын шекара арқылы заңсыз өткізу әрекеттерінің жолы кесілді.

Қызметтік-жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бірқатар әскери қызметшілер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, атап айтқанда, ҰҚК-нің «Ардагер» медалімен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив